Неге 14 наурызда?

Жалпы, біз «жыл» деп Жердің Күнді айналуын, «ай» деп Айдың Жерді айналуын, тәулік деп Жердің өз осін айналуын айтамыз. Жердің Күнді айналуы – 365 тәулік 5 сағат 54 минут болса, Айдың Жерді айналуы – 29 тәулік 11 сағат 49 минут, ал, Жердің өз осін айналуы – 23 сағат 56 минут 4 секунд. Бұдан біз ойлағандай жылдың дәл 365 күн, айдың дәл 30 күн, тәуліктің дәл 24 сағат емес екендігін ұғамыз. Біздің жыл санауымыздан 45 жыл бұрын Рим императоры Юлий Цезарь сарай жұлдызшыларының кеңесі бойынша «Египет» күнтізбесінің негізінде елге жаңа күнтізбе енгізеді. Бұл күнтізбе бойынша жаңа жыл 1 наурыздан (марттан, март – Марс, ежелгі Римнің пұт құдайларының бірінің аты) басталды. Юлий күнтізбесі Еуропаға кеңінен таралып, өзінен де дәл жаңа күнтізбе шыққанша 1600 жыл бойы «дәурендеді».
Кейінірек жүргізілген есеп бойынша, «Юлий» күнтізбесінің 128 жылда 1 тәулікке артта қалатын қатесі бары анықталды. Бұл жаңалық жаңа «Григорий» күнтізбесінің пайда болуына ықпал етті. Ал, патшалық Ресейге «Юлий» күнтізбесі I Петрдің жарлығымен 1700 жылы енгізілген. Бұған дейін әлем жаратылғанынан бері деп есептеліп келген 7208 жыл – 1 қаңтардан бастап 1700-ші жыл деп өзгертілді. Ал, ол кезде Еуропа «Григорий» күнтізбесіне ауысып кеткен еді (1582 ж). Екі күнтізбедегі айырмашылық себебінен бұл кезде Ресейде 1700 жылдың 1 қаңтары болса, Еуропа елдерінде 1700 жылдың 10 қаңтары кіріп жатқан еді. Уақыт өтуімен «Григорий» күнтізбесі бүкіл әлемге таралды. Біз құрамында болған Кеңес Одағына ол 1918 жылы енгізілді. 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Европа күнтізбесінің Ресей мемлекетіне енгізілуі туралы» В.И. Ленин қол қойған декрет қабылданды. Бұл кезде «Юлий» және «Григорий» күнтізбелерінің арасындағы алшақтық 13 күнге жеткен еді (1700 жылы екі күнтізбедегі айырмашылық 10 күн болғанын жоғарыда айтқанбыз). Декретте көрсетілгендей 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі күн 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелді. Соның әсерінен бұрын 1 наурызда Жаңа жыл – Ұлыс күнін тойлайтын қазақ елі 1918 жылдан бері қарай «Көрісу» мерекесін 14 наурызда тойлайтын болды.

Комментарии закрыты.