Ұлттық бұйымдар жасаудың шебері

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген ұлттық кодымыздың тамырын қазақы салт-дәстүрден іздесек, әсте қателеспейміз. Қазақ халқы ежелден-ақ ұлттық құндылығын қастерлеп, салт-дәстүрін сақтаған. Зергерлер алтын, күмістен әшекей бұйымдар соқса, әр қазақ әйелінің қолынан ұршығы түспеген. Тұрмыс қажетіне керектінің бәрін қолөнермен ұштастырып, оны жас ұрпаққа жалғап отырған. Ұлттық қадір-қасиетіміздің парқын арттырып, ісмерлігімен танылған кәсіп иесінің бірі – Айдана Әлайдарқызы.

Құрақ құрауға жас кезінен бейім ол көрпеше, жапқыш, жастық, қоржын, орындық төсеніштері және тағы басқа ұлттық нақыштағы дүниелерді жасаудың шебері. Оның қолынан шыққан бұйымдар сәнді әрі ерекше.

– Қолөнер – халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрі. Оны жалғастыру – әрбіріміздің ортақ парызымыз. Алғашында сүйікті ісім болып басталған көрпе көктеу, іс тігу өнері кейін келе серігіме айналды. Көрпе құрау, іс тігуді меңгергісі келетін қыздарға үйретудемін. Келешекке мақсат – айқын, бағыт – нық. Жұмысымды жетілдіре беремін. Өз тұтынушыларыма тапсырысты сапалы әрі қолжетімді бағада ұсынамын. Еңбектің жеңілі болмайды. Көз майыңды тауысасың, төзім керек. Қолөнердің құндылығы да осында. Менің қолымнан шыққан қошқар мүйіз, мозаика, ши құрақ үлгісіндегі көрпеше-жастықтар біраз үйлердің көркін кіргізіп, сәнін келтіруде, – дейді ол.

Егер қол өнерге икеміңіз бар болса хас шебердің сабағына қатыса аласыз. Ш.Ділдебаев атындағы мәдениет және шығармашылық орталығында 10-15 наурыз аралығында Қазақстан қолөнершілер Одағының мүшесі, Қазақстан және Халықаралық көрмелерде ұлттық бұйымдар жасаудан жүлделі орын алған жеңімпаз, іскер дизайнер Айдана Әлайдарқызы «Жүн өнімдерінің технологиясы» тақырыбында сабақ өткізбек.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.