Жақсылық жасаудан жарысқандар

Алғыс айту күні әркім өзінше шынайы ниетін білдіргісі келеді. Бұл күні қаламыздағы «Харекет» қайырымдылық қорының өкілдері де қарап қалған жоқ. Қайырымдылық іске әрқашан өз қолдауын білдіріп жүрген еріктілер мен жеке кәсіпкерлерге алғыс білдіру мақсатында «Айжұлдыз» этно-кафесінде дастархан жайып, жақсылар мен жайсаңдардың басын қосты.

Шараны бастамас бұрын келген қонақтардан бата алып, ізгі тілектерге кезек берілді.

Қайырымдылық қордың игі бастамасының одан әрі жалғасуын тілеген түрлі ұйым басшылары Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарын табыстады. Бүгінгі таңда «Харекет» қайырымдылық қоры «1000 теңгеге баспана» акциясы аясында 400-ден астам адамның жоғын жоқтап, баспанамен қамтамасыз етті. Ал, Жезқазған аймағы бойынша осы қордың шарапатын көрген 15 отбасы бар. Ақ дастархан басына жиналған көпшілікке «Харекет» қайырымдылық қорының Сәтбаев қаласы бойынша өкілі Рәш қажы Мизамбаева алғысын жаудырып, алдағы жоспарымен бөлісті.

Жақсылық жасауда жарысып жүрген жайсаңдар осылайша бір-біріне ақжарма тілегін жаудырып, әлі де бірлесе жұмыс жасап, мұқтаж жандарға қолұшын беруден танбайтындықтарын жеткізді. Қайырымды жандардың басы қосылған кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Кеш соңында қонақтар арнайы қойылған жәшікке ақша салуды да ұмытпады.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.