ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫШЫН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН…

Медеу Сапаұлы Сәрсеке 1936 жылдың 2 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының Қайнар ауылында туған. 1958 жылы Қазақстан кен-металлургия институтын тәмамдап, инженер-металлург мамандығын алып шыққан соң, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің редакциясында жұмыс істеп, біраз уақыт жұмысшы жастар бөлімін басқарған. 1959 жылы Семей цемент зауытына ауысып, біраз жыл қатардағы инженерден техникалық бөлім бастығына дейінгі қызметтерді атқарды. 1963 жылы Өскеменде «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің меншікті тілшісі болып істеді. Ал, 1965 жылдан бері әдеби жұмысқа біржола ауысып, Қазақстан Жазушылар одағының Семей облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы міндетін атқарды. Өзі ортасында жүрген өндірістің қилы-қилы сырларын, онда еңбек ететін адамдар туралы күрделі шығармалар жазды. Ол алтын, күміс ақтарған, мырыш тасқындатқан кенді Алтайдың тіршілік-тынысын, өмір ағысын суреттейтін «Жаңғырық» романын дүниеге әкелді. Кейіннен жалғасы ретінде «Көмбе» романын жазады. 2002 жылы академик Қ.Сәтбаев жайлы орыс тілінде «Планета Сатпаева» және «Через тернии» кітаптары оқырманға жол тартып, саналы ғұмырын қазақтың Қанышына арнаған белгілі жазушы атақты ғалымды әлемге танытты. «Ғибратты ғұмыр» сериясымен «Ебіней Бөкетов» атты күрделі еңбегі де ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Мұнда Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, біртуар ғалым Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің қиын да қилы тағдыры, ғұмыр тарихы туралы сыр шертіледі.
Медеу Сәрсеке қазақ әдебиетінде ғылыми-қиял жанрының өрістеуіне айрықша үлес қосқан қаламгер. «От және атом» және «Жетінші толқын» аталған ғылыми-фантастикалық хикаяттары оқырмандардың сүйіспеншілігіне ие болды. Инженер-қаламгер төл әдебиетте өндіріс тақырыбының жаңа белеске көтерілуіне де айрықша үлес қосты. Жарылыс» («Взрыв») және «Көмбе» («Клад») романдары өткен ғасырдың 1980-90 жылдары жазылып, іле-шала орыс тіліне аударылған (тәржімалаушы мәскеулік қаламгер Н. Родичев).
М.Сәрсеке драма жанрымен де шұғылданған. Оның ұшқыр қаламынан 1968 жылдан бері 7 драма туған. Солардың төртеуі Семейдің, Арқалықтың, Жетісай, Талдықорған мен Алматы театрларында көп жылдар бойы кассалық табыспен жүрді. Ал, арнайы тапсырыспен жазылған «Уақыт төрелігі» драмасы телеспектакль түрінде Қазақ телестудиясынан 1989 жылы Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 90 жылдық мерейтойы қарсаңында экраннан бірнеше мәрте көрсетілді (қоюшы режиссер Елжас Қасиманов). Ол Мәскеу телестудиясының «Культура» арнасының тапсырысымен жазған «Феномен Сатпаева» телефильмінің де авторы (қоюшы режиссер – Болат Шәріп, фильмді жасаушы – Алматыдағы «ALD CAPITAL GROP» компаниясы).
Драматург, жазушы Медеу Сапаұлы қазақтан шыққан тұңғыш академик, геолог-ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты зерттеуге өмірінің 40 жылын арнады. Ұлы Абай әлем жұртшылығына Мұхтар Әуезов арқылы әйгілі болса, Қаныш Имантайұлының есімі Медеу Сәрсекенің еңбектерімен танымал. ЮНЕСКО жариялаған деректер бойынша Қаныш Сәтбаев туралы ғұмырнамалық дерек әлемнің 112 еліне таралыпты. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген академик туралы ғұмырнамалық кітап 18 рет басылып, тиражы 330 мың данаға жеткен. Абыралы ауданындағы Қайнар орта мектебін 1953 жылы алтын медальмен бітірген Медеу Сәрсеке студент кезінде дипломдық жұмыспен бірге «Ғажайып сәуле» атты повесть жазған. Семей цемент зауытында жұмыс істеп жүргенінде әдебиеттің фантазия жанрымен көп әуестенген. Біздің әдебиетте бұл жанрға жататын шығармалар көп жазылмаған. «Ғажайып сәуледен» кейін «Көрінбестің көлеңкесі», «Жетінші толқын» атты повестері жарыққа шықты.
Оның Қаныш Сәтбаев жайлы жазуына түрткі болған белгілі академик Әлкей Марғұлан екен. Жасы 30-ға тола қоймаған Медеу Сапаұлы 1963 жылдың жаз айынан бастап, ғұмырнамалық кітапты баспаға әзірлеуге 13 жыл уақытын арнады. Осы жылдар ішінде ол академиктің табаны тиген өңірлер мен қалаларды, Жезқазғанды, Мәскеу мен Ленинградты әлденеше рет аралап, көзін көрген жандармен сұхбаттасты. «Қазақтың Қанышы» атты ғұмырнамалық дерек 1975 жылы «Жазушы» баспасының «Ғибратты ғұмыр» сериясына басуға берілгенімен, белгілі бір себептермен 14 жылдан кейін, яғни, 1988 жылы ғана жарыққа шықты.
«1964 жылдың 31 қаңтарында радиодан Қаныш Сәтбаевтың дүниеден өткенін хабарлады. Мен ол кісімен сұхбаттасып та үлгермедім. Академиктің ауыр дертке шалдыққанын кейін ғана білдім. Ең алдымен Қаныш Имантайұлының Семейде тұрған кезеңін зерттеп, бір жылдан кейін 150 беттік материалды Әлкей Марғұланға әкелдім. Ол жазба менде әлі күнге сақтаулы. 13 жыл зерттеу жұмысынан кейін дайын нұсқаны Әлкей Марғұлан, Мұхаметжан Қаратаев және басқа да ғалымдар оқып, екі жылдай түзету енгізді. Кітап 1975 жылы баспаға ұсынылды. Бірақ 14 жыл бойы жарыққа шықпады. Амал жоқ, 1978 жылдан бастап кітаптың орысша нұсқасын әзірледім. Қаныш Имантайұлының ресейлік достарының қолдауымен 1980 жылы Мәскеуде 100 мың данамен жарыққа шықты. Халықтың көбі бұл еңбек туралы сол кезде ғана білді», – деген еді журналистерге берген бір сұхбатында М.Сәрсеке. «Атамұра» баспасының осы туындының қосымша тыстығына жазған аңдатпа сөзінде Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Ұлтымыздың ұлы перзентін ұлықтаудың тамаша үлгісі осындай-ақ болар…» – дегені Медеу ақсақалдың елу жылдан астам уақыт Қаныш Сәтбаев тұлғасын әспеттеуіне айтылған әділ бағалау дейміз…

Жайдар Жұмабайқызы,
№16 мектеп мұғалімі.

Комментарии закрыты.