Паркке парқы бар шешімдер керек

Қаламыздың экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында индустриалды парк ашу көзделуде. Сол арқылы өндіріс қуатын ұлғайтып, шағын және орта бизнес өкілдеріне қолайлы орта қалыптастыру көзделген. Қалалық Қоғамдық кеңес отырысында осы және өзге мәселелер талқыға салынып, түйінді тұстары тарқатылды.Жиынға қала әкімінің орынбасары Дәуір Жүнісбеков қатысып, Индустриалды парктің құрылысы мен оның келешегі турасында баяндады. Жезқазған, Сәтбаев қаласы және Ұлытау аудандарының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді бағдарламасы аясында жоспарланып отырған аталмыш парк жобасының концепциясы дайындалған. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Электр, жылу, су кәріз жүйелерінің құрылысына облыстық бюджеттен қаржы бөлу үшін бюджеттік өтінім жіберілген. Дәуір Қойшығараұлы бұл аумақта кәсібін дөңгелету үшін бизнес өкілдері үшін бірқатар артықшылықтар көзделіп отырғанын жеткізді.
– Бұл аумақтан орын алатын кәсіпкерлерге ең алдымен дайын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым ұсынылады. Сондай-ақ, жер телімін аукционсыз жалға алып, кейін оны сатып алуға мүмкіндік қарастырылған. Өңірдегі алпауыт өндіріс компанияларымен келісім-шарт жасасу да мүмкін болмақ. Парк қатысушыларына мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылай қолдау көрсетіледі, – деді.
Индустриалды парк аумағында ҚР индустриалды-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында өңдеуші өнеркәсіп жобаларына басымдық берілмек. Қазіргі уақытта 235 жұмыс орнын құру бойынша 4 жоба әзірленген. Олардың ішінде таскөмірден кокс өндіру, анкерлер үшін полимерлі ампулалар өндірісі, қорғасын парағы өндірісі жобалары енгізілген.
Кеңес мүшелері өндірістің ауаны ластауына қатысты алаңдаушылық білдірді. Бұл бойынша Д.Жүнісбеков парктің экологиялық жағдайы басты назарға алынғанын атап өтті.
Кеңесте бұдан бөлек қаладағы кітапханалардың жұмысы да талқыға салынып, бірқатар мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар айтылды.

Әли МҰҢАЙТПАС.

Комментарии закрыты.