Оттан секіреді, бал ашады

Ата-бабаларынан қалған ең  ізгі мереке ретінде Наурызды ерекше тойлайтын халықтың бірі — әзірбайжандар екен. Олар бұл мерекені Кеңес дәуірінде де тойлаған. Олар наурыз айы кірген уақыттан бастап  әр аптаның екiншi күнi табиғат құбылыстары су, жел, от, жерге  арнап алау жағады. Соңғы төртiншi алау жер, топыраққа  арналады. Бұл «ақырғы сейсенбi» деп аталады.

Бұл күні барлық қиындық пен жамандық өткен жылда қалсын деген ниетпен  от жағылып, жастар мен балалар оттан секіреді. Мереке жақындағанда әрбір отбасы сенбілік ұйымдастырады. Олар өз аулаларын тазартып, тал егеді.
Әзірбайжандар мерекеге ерекше дайындалады. Ал наурыздың жиырма бірі күні барлық әзірбайжандар жаңа күнді өз отбасында қарсы алады. Жиырма екісінде қонақ күтіп, бірін-бірі құттықтайды. Бұл күндері  тек қана  жақсы сөздер айтылуы тиiс. Егер Наурызда жаман сөз айтылар болса, ол адам жыл бойы ренжіп жүреді деген сенім бар. Сондықтан үлкендер ата-баба сенімін кейінгі жастарға үнемі айтып жүреді. Наурыз күнi ескi өкпелер ұмытылып, араздасқан туыстар бiрiн-бiрi кешiрiп, дастархан басына жиналуы керек. Әзірбайжандар осы дәстүрді берік ұстанған.
Төртінші сейсенбі басталған кезде  бидайдың  тұқымы себіледі. Бұл – семени деп аталады. Дәннен өнiп, өскен бидайдың өскініне қарап, келген жылдың қаншалықты берекелi болатыны болжанады. Егер бидай жақсы шықса, егін бітік болады деген сенім бар. Оны қызыл лентамен көмкерiп байлап, дастарқан үстiне қояды.
Жалпы әзірбайжандар мерекелік дастарханға ерекше мән береді. Семенидің жан-жағына жеті түрлі дәм қойылады. Оның ішінде пахлава, шекербура  секілді ұлттық тәтті тағамдар бар. Сондай-ақ, дастарханға түрлі түске боялған жұмыртқа және балауыз шам қойылады. От –  жын-шайтаннан қорғаса, жұмыртқа мен айна ескі жылдың біткенінің және жаңа жылдың алғашқы күнінің белгісін білдіреді.
Наурыз – жыл басы. Әзірбайжандар Жаңа жыл кірген күні ерте тұрып, өзенге немесе бұлақ басына барып, шомылған. Барлық қиындық өткен жылдың еншісінде қалып, Жаңа жыл жақсылық, тазалық әкелсін деген ниетпен бір-біріне су шашқан.
Мерекедегі тағы бір дәстүр – бал ашу. Бұл күні тұрмысқа шықпаған қыздар ыдысқа су толтырып, бір жағына мақтаға түйрелген ине мен екінші жағына матаның қиындысын жібереді. Егер екеуі түйіссе тұрмысқа шығады деген сенім бар.
Жалпы Наурыз – әзірбайжандар үшін отбасылық мейрам. Сондықтан, бұл күні барлығы ошақ басына жиналады. Ән айтады, би билейді.

Комментарии закрыты.