Дүйсенкүлдің наурыз көжесі

Наурыз мейрамында үйге келген қонақтың үлкен-кішісіне ұсынылатын ұлттық тағамның төресі – наурыз көже. Буы бұрқыраған қою көжеге салынатын әр дәмнің өз мәні, реті бар. Бұл туралы бізге қожаның келіні, жас та болса көпшілікке үлгі болып жүрген замандасымыз – Дүйсенкүл Саринова айтып берді.

– Мен, бала кезімнен от басы, ошақ қасының тәрбиесін көп көрдім. Анам Айткүл Саринова бізді, қыздарды, шаруаға ерте бастан үйретті. «Ертең тұрмысқа шыққанда «сендерді кім тәрбиелеген» деген сөз ермесін, одан қалды өздеріңе де керек болады» деп үй шаруасынан айырмайтын.
Анам тамаққа бап кісі. Қазір сексеннің бесеуіне келді. Қазан-ошақты келіндеріне өткізген. Бірақ, сол келіндеріне білгенін әлі айтып, үйретіп отырады.
Орайы келгенде айта кетейін, апамның ашыған көжесі балдай болатын. Туыс-туған, көрші-көлем «Айткүлдің ашыған көжесін ішейін деп келдік» деп, күн құрғатпай үйге келіп, әкеммен әңгіме-дүкен құрып отыратын. Сол, анам­ның жанында жүріп көргенім бар. Кейін келін болып түскенде, енем, бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған – Орынбасар апамның үйреткені, үлкен абысынымнан түйгенім көп. Қазір енді өзім келініме, қыздарыма үйретіп жүрмін – деп әңгімесін бастаған Дүйсенкүл наурыз көженің жасалу жолы жайлы баяндады.
– Апамдар айтып отыратын, біздің бала кезімізде наурызды қазіргідей ашық тойламайтын. Кеңес өкіметі «бұл діни мейрам» деп тыйым салған. Бірақ, ауыл-ел өзінше тойлап, наурыз көже пісіретін. Сонда көргеніміз, бір қазанға су құйып, оған қыстан қалған сүрінің етін, тары, бидай сияқты тапқан-таянғандарын салып, сүт, айран құйып, жеті түрлі тағамға жеткізіп пісіретін.
Ол кезде жоқшылық қой, қазіргідей арнайы наурызға деп сақтап қоятын аста-төк тамақ жоқ. Ел дорбасында қалғанын жинап, бірігіп пісіретін болған да.
Үлкен кісілердің айтуынша, көжеге салынатын бидайдан нан жасалады, ал тары жоқшылық заманның ең тойымды тағамы болған екен. Бұл екеуін жыл бойы тоқшылық болсын деп ырымдап қосқан. Наурыз көжеге құйылатын ақтың да өз мәнісі бар. Қазақ халқы үшін ақ молшылықтың белгісі саналған. Көктем шыға мал төлдей бастағанда, аузы аққа ілінген қазақ халқы бұл кезеңде жоқшылықтан құтылып, ақтан түрлі тағам әзірлеген.
Міне, сол көнеден келе жатқан дәстүрді мен де жалғастырып жүрмін. Жыл сайын наурыз күні бір қазан етіп наурыз көже пісіремін. Үй ішімізбен, туған-туыстармен бөлісіп ішіп аламыз.
Өткен жылдан бері мына бір кесел басымызды қостырмай қойды ғой. Сонда да болса, дастарханымнан наурыз көжені үзгенім жоқ. Биыл да қазанымды әзірлеп отырмын. Қысқа сойған соғымнан арнайы наурыз көже үшін сақтап қойғаным бар, – дейді Дүйсенкүл.
Әңгіме барысында Дүйсенкүл наурыз көже пісіруде арнайы бір мәзірге сүйенбейтін де айтып қалды. Қазір молшылық заман болғандықтан, оған жеті тағамнан да көп салуға тырысады екен. «Отбасында тәтті татулық болсын деп өрік-мейіз де қосып жүрмін соңғы кезде», дейді ол.

Комментарии закрыты.