Сумалак – мерекелік көже

Наурыз мерекесі Өзбекстанда 13 күнге созылады екен. Әр махалла, яғни көшедегі шайханалар бір-бірімен жарыса қазан асады. Сенбілік ұйымдастырып, арықтарды қоқыстан тазартып, ағаштардың түбін әктейді.  Мерекенің алғашқы күні үй-үйді аралап қонаққа барып, ұлттық тағамдардан ауыз тиеді. Жалпы, наурызды өз ағам қалай қарсы алып, тойлайды? Бұл жайлы бізге қаламыздағы өзбек этно-мәдени орталығының жетекшісі Сайлимухабат Шаймонова әңгімелеп берді.

Сайлимухабат Хайтмуратовнаның айтуынша, бұл күні әр үйде қазан асылады. Жастар күресіп, асық ойнап, ақсақалдар бата берсе, әжелері ұлттық тағам – сумалак әзірлейді.

– Сумалак аспайтын үй болмайды. Бұл астың наурыз көжеден айырмашылығы – бидайды тартып, пісіреді. Және, бұл асты тек үлкен апа, әжелер һәм келіншектер пісіреді. Асты пісіріп жүргенде көңілді ән айтып, би билеп, әзілдесіп жүру керек. Барлығы өз арман-тілектерін айтып, келер жылдан жақсылық күтіп астан ауыз тиеді. Халықтың сенімі бойынша, сәбилі бола алмай жүрген келіншектер Алладан перзент сұрап, сумалактан ауыз тисе, тілегі орындалады деген де сенім бар, – дейді Сайлимухабат.

Сондай-ақ өзбек халқының сенімі бойынша, жылдың қалай болатыны Наурыз күні үйге бірінші боп бас сұққан адамға байланысты екен. Егер ол адам жайдары, көтеріңкі көңіл күймен кірсе, үйге бақыт келеді, жыл жақсы өтеді деп сенеді. Сондықтан өзбектер Жаңа жылдың алғашқы қонағы атына заты сай, пейілі түзу, оң ниетті, ең бастысы, құтты қонақ болса деп ті­лейді.
– Бізде берік сақталып келе жатқан наурыз күнгі дәстүрдің бірі «Дарвиш хона» деп аталады. Бұл күні молда кісі құран кітабымен келіп, өмірден өткен ата-бабаларымызға құран бағыштап, үйдегі еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін молданың қолындағы құран кітаптың астымен өтеді. Осы арқылы отбасындағы жандар тазарып, жаңа жылды жаңа қадаммен бастады деген ырым бұл. Сондай-ақ, наурыз күндері әр үйді аралап, өмірден өткен жандарға құран бағыштау да ләзім, – дейді С.Шаймонова.
Әрине, наурыз отбасылық мереке болғандықтан, әр үй оған ерекше дайындалады. Түрлі ұлттық тағамдар пісіріледі. Сумалактан басқа асты ер азаматтар пісіруі қажет екен. Жалпы, өз-ағамда от басы-ошақ қасында көбіне ер-азаматтар жүретіні белгілі ғой.
– Наурыз күні өкпе-реніш ұмытылады. Бұл күні бұрын араздасып жүрген адамдар бір-бірінің үйіне барып, төс қағыстырып татуласады. Жақсы тілектер айтады. Жалпы, наурыз ынтымақ пен бірліктің мерекесі де. Сондықтан, мен қазақ бауырларыма, осы Қазақстанды, оның ішінде біздің Сәтбаев қаласын мекендеп, бір үйдің баласындай қоян-қолтық еңбек етіп жатқан барша ұлттар мен ұлыстардың өкілдерін Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Жаңа жылымыз бізге тек жақсылықтар әкелсін. Қазақ бауырларымыздың жыл қайыруы бойынша кіретін сиыр жылы мамыражай тыныштық пен тоқшылық, молшылық жылы болғай, – деп өзінің және қаламыздағы өзбек ағайындардың атынан ақжарма тілегін де жеткізді Сайлимухабат Шаймонова.

Суретте:
өзбек ағайындар наурыз мейрамында.

Комментарии закрыты.