Монтессори кабинеті ашылды

№16 жалпы білім беретін мектепте жақсы жаңалық орын алды. Білім бөлімінің қолдауымен ол жерде Монтессори кабинеті ашылды.

Кабинет Монтессори әдістемесі бойынша жасалған заманауи құрылғылармен жабдықталған. Жалпы, Монтессори жүйесінің басты мақсаты – еркін шығармашылық тұлғаны тәрбиелеу. Бұл педагогика негізінен мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған. Сондықтан, аталмыш әдістеме бойынша оқытылған балалардың түзету сыныптарынан жалпы білім беретін мектептерге ауысу мүмкіндіктері мол болады екен. Ерекше кабинеттің ашылу салтанатына мектеп директоры мен ұстаздары және қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков қатысты.

– Мемлекеттік білім беруді дамытудың бағдарламасы негізінде ерекше балаларды оқыту әдісі қарастырылған. Жасыратыны жоқ, қаламызда есепте тұрған ерекше балалар бар. Сол бүлдіршіндерге мүмкіндік тетіктерін ашу мақсатында екі мектеп, қосымша магниттік мектептер жұмыс істеп тұр. Олардың қатарына №16 мектеп те қосылып отыр. Осы мөлтек ауданның балғындары үшін өз пайдасын тигізеді деген ойдамын, – деді өз сөзінде білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков.
Мамандардың айтуынша, бұл кабинеттің пайдасы ұшан-теңіз. Балалардың ой қабілетіне, есте сақтау жағдайының одан әрі дамуына, түстерді ажыратуға, қол моторикасын дамытуға тиімді. Оның негізінде денсаулығында кінәраты бар балғындарды сауықтыруға болады. Өйткені, бұл тәсілді қолдану барысында ұсақ және жалпы моторика нақтыланып, пәндік іс-әрекеттер қалыптасады, сенсорлық және математикалық түсініктер дамиды, адамдармен қарым-қатынас нығая түседі.
Айта кетейік, Монтессори педагогикасы білім беруде жас өркеннің болмыс-бітімі, талғам таразысы, талап-деңгейіне өте жоғары мән береді. Мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда бұл жүйені әлемнің 150-ге жуық мемлекеті сәтті қолдануда.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.