Тұрмыстық қалдық мәселесі қаралды

Кезекті рейдтік тексерулер жасалмас бұрын, Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысы Татьяна Хмилярчуктың қатысуымен қатты тұрмыстық және габаритті емес қалдықтарды шығару бойынша қызмет көрсететін мердігер ұйымдар басшыларымен отырыс
өткізілді.

Татьяна Ивановнаның сөзінше, қазіргі таңда қаламыздағы қоқыс алаңдарының жай-күйі бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Уақытылы тазаланып отырады. Дегенмен, төменгі ауданнан, қазақ ауыл және жаңа аудандағы үйлердің тұрғындары тарапынан шағым түсіп тұрғанын алға тартты. Сондықтан да әр ауданның тазалығына жауапты мекеме басшыларына қажетті тапсырма беріп, күннің жылынуына байланысты қала тазалығына бей-жайлылық танытпай, уақытылы қоқыстардың шығарылуын қадағалауды тапсырды. Одан әрі жиынға қатысушылар топтарға бөлініп, келіп түскен шағымдар негізінде қаланы аралау үшін рейдке шықты. Рейд барысында бір жерде қоқыстардың уақытылы тазартылғаны байқалса, енді бір жерде тау болып үйіліп жатқан тұрмыстық қалдықтар көзге түсті. Тұрғындар қоқыс үнемі тазартылмағандықтан жәшіктер толып, алаңның сыртына тастауға мәжбүр екендіктерін жеткізді.

– Бұл жолы қаламыздың абаттануы мен тазалығын басты назарға алдық. Әсіресе қоқыс алаңдарындағы бей-берекетсіз шашылып жататын тұрмыстық қалдықтардың жиналуын қадағаладық. Өзімізбен бірге тұрғын үй шаруашылық бөлімінің және тазалау жұмыстарына жауапты мекемелердің мамандарын ертіп жүрдік. Рейд нәтижесінде жалпы қалаішілік тазалық жұмыстары жүргізіліп жатқанына көз жеткіздік. Қоқыс алаңдарының көбісінде тазалық бар. 8-шағын ауданына жаңа қоқыс контейнерлері қойылған екен. Жәшіктер толмаса да тұрғындар үйден шыққан қоқыстарын
алаңның сыртына лақтырып тастаған.

Құрметті қала тұрғындары, тазалыққа ең алдымен өзіміз атсалысайық. Үйден шыққан қоқысты ерінбей жәшікке салыңыздар. Осылайша, туған қаламыздың тазаруына үлес қосауға шақырамын, – деді Татьяна Хмилярчук.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.