Майталман маман құрметіне

№16 жалпы білім беретін мектепте Қазақстан Республикасының Құрметті қызметкері, білім саласының майталман маманы Жанасылова Қамар Қапасқызы атындағы мұражай сипатындағы физика пәнінің зертхана бөлмесі ашылды.

Жаңадан ашылған зертхана қосымша 2 оқу бөлмесінен тұрады. Заманауи талаптарға сәйкес, зертханалық, оқу-әдістемелік, техникалық, технологиялық тұрғыда толығымен қамтылған. Бөлмеде ұстаздың өзі дайындаған жұмыс папкалары, сабақ барысында пайдаланған көрнекі құралдары, еңбек деректері және марапаттары жинақталған.

Жанасылова Қамар Қапасқызы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы кентінде дүниеге келген. Жезқазған педогогикалық институтының физика-математика факультетін ойдағыдай аяқтап, білім саласындағы еңбек жолын бастады. Қаламыздағы №1 мектеп-гимназияда қызмет етті. №16 мектепте физика пәнінің мұғалімі және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін мінсіз атқарды. Саналы ғұмырын жас ұрпақтың сапалы білім мен тәрбие алуына, білім беру жүйесін жетілдіру, дамыту жолына арнаған ұстаз Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды. 40 жыл бойы білім саласына сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, жоғары марапаттауларға ие болды. Ол 2020 жылдың күзінде мезгілсіз дүниеден өтті.

Ашылу салтанатында жергілікті билік өкілдері, марқұмның туған-туыстары, бауырлары, бірге еңбек еткен әріптестері және шәкірттері аяулы жанды еске алды.

– Қамар Қапасқызымен соңғы рет кездесуімізде 1 сағаттан артық әңгіме өрбіткен едік. Көп жоспар құрып, алдағы мақсаттарымызбен бөлістік. Ол кісі өте қарапайым әрі жауапкершілігі жоғары депутаттардың бірі еді. Алдына көмек сұрай келген жанның мәселесін шешуде үнемі жанын салатын, – дейді Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков.

Ал, марқұмның апайы – Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Шынар Жанасылова – ауқымды шара ұйымдастырып, арнайы кабинет ашқан мектеп басшылығына, қолдау көрсеткен білім бөліміне шынайы алғысын білдірді.

Айта кетейік, алдағы уақытта ұлағатты ұстазды ұлықтап, еске алу мақсатында жыл сайын үздік оқушыларға облыстық мәслихат депутаты, аймағымызға белгілі меценат Бекзат Алтынбеков тағайындаған Қамар Қапасқызы атындағы шәкіртақы берілмек. Сонымен қатар, Қамар Қапасқызы әзірлеп, оқу жоспарына енгізген «Физика курс негіздері», «Модельдеу», «Олимпиада есептерін шығару» бағдарлама курстарының сабақтары осы зертханалық кабинетте өткізілмек. Жылына 1 рет физика пәні бойынша қалалық деңгейде зияткерлік пән олимпиадасы ұйымдастырылмақ.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.