Абыз өнегесі таусылмайды

Жезқазған қаласының және Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Сағындық Үсенұлы Қожамсейітов 80 жасқа келді. Торқалы той иесін туған күнімен қаламыздың басшысы Асқар Ыдырысов арнайы барып құттықтады.

– Қасиетті Ұлытау жерінде дүниеге келіп, осынау ұлан-ғайыр атыраптың абызына айналып, жер мен елдің тау-тасын, табиғатын, танымы мен тарихын түгелдей танып, осынау аймақтың атақты археографы болды. Қала жұртшылығы Сағындық ағаны ұрпағына ұлағат айтатын шежірелі қария, кеудесі дария ақсақал, Ұлытаудан түлеп ұшқан қыран деп таниды. Бірнеше жылдар бойы тәжірибелі маман ретінде Ұлытау аймағы, Жезқазған өңіріне, Сәтбаев қаласының дамуына сүбелі үлес қосты. Келешекте ағамыздың жасаған еңбегі мен ерен ерлігін кейінгі ұрпақ айтып жүретініне анық сенемін. Халық игілігі үшін жұмсалған күш – ең абыройлы, ең ардақты күш деп санаймын. Сағындық Үсенұлы, отбасыңыз аман, жүзіңіз жарқын, мерейіңіз үстем болсын! – деген ізгі лебізбен иығына шапан жапты.

Сағындық Үсенұлы 1941 жылы 15 наурызда Ұлытау ауданының Кішітау ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірді. Мамандығы – журналист. Еңбек жолын аудандық газет редакциясында бастап, ұзақ жыл партия, кеңес органдарында жауапты қызмет атқарды. Жезді аудандық, Сәтбаев қалалық партия комитеттерінің бөлім меңгерушісі, Жезқазған обкомы насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Кеңестер одағы төрағасын облыстық кәсіптік-техникалық басқармасына, құжаттама және мұрағаттар басқармасына, 1996-2011 жылдары Жезқазған қаласы мемлекеттік архивіне басшылық жасады. Сонымен қатар, шығармашылықпен айналысып, Тәуелсіздік тұғырын нығайту, елдің рухы мен тіліміздің мәртебесін көтеру тұрғысында очерктер мен талдау мақалалар жазды. Ең алғаш 1966 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Қанаттас қалалар» жинағына «Мыс магниткасы» зерттеу мақаласы енген еді. Содан бері баспадан сегіз кітабы жарық көрді. Аймақтағы қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты. С.Қожамсейітов халықтың көркемөнер шығармашылығы мен мәдениетін дамыту, тарихи ескерткіштерді қорғау және өңір тарихын зерттеу бағыттарындағы өзекті жобаларды жүзеге асыруға ұйытқы болды. Үздік өлкетанушы атанды. КСРО-ның «Құрмет Белгісі» және Қазақстан Республикасының «Құрмет» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Есімі «Дәуір» баспасынан 2004 жылы шыққан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, білім мен мәдениет саласының тұлғалары туралы «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» атты кітапқа енгізілді. Ардагер ақсақал қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде қазірдің өзінде Жезқазған өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелердің шешім табуына жіті араласып, оңтайлы ұсынысын білдіруден танған емес. Біз де қала басшысының құттықтауына қосыламыз. Сағындық Үсенұлының ел мен жерге берер өнегесі
таусылмасын.

Өз тілшіміз.

Комментарии закрыты.