ЕРЕН ЕҢБЕГІМЕН ДЕ, ӨРЕЛІ ӨЛЕҢІМЕН ДЕ ТАНЫЛҒАН

Танымал кен инженері Өмірбек Мақатұлы Сартов ағамызбен 1982 жылы таныстым. Рудник кешенінен Сәтбаев қаласына қатынайтын автобус ішінде аңқылдаған ақсары толықша жігіт ағасымен қатар отыр екенбіз.

Адам жатырқауды білмейтін, аса қарапайым, ақпейіл жан бірден өзіне баурап, ә дегеннен әңгімеміз жарасып жүре берді. Үлкендік жолмен, қайда істейтінімді, қай кеніштен екенімді біліп, «е, өзіміздің бала екенсің» деп, тіпті іш тарта түсті. Әлден соң ескі таныстардай лезде шүйіркелесіп кеттік. Ағамыздың жұбайы біздің батыс кенішінің 31-ші шахтасының кен көтеру машинисі, аймағымыздың мақтанышы, «Құрмет белгісі» және «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарының иегері, СОКП 26-шы сьезінің делегаты Әбілбекова Зейнеп Әбдіғамиқызы апамыз екенін сонда білдім. Зейнеп апайды бұрыннан жақсы танитынмын. Міне, осыдан бастап араласып, беріде отбасымызбен қатысып, біртуған бауырдай сыйласып кеткен едік. Ағалы-інідей талай қуаныш, талай қызық сәттерді бірге бөлістік. Өмекең өзінің еңбек жолын, кеншілік мамандығын ерекше мақтан тұтатын. Әсіресе, кен өндірісінің небір майталмандары шыққан Оңтүстік Жезқазған кенішінде жұмыс істеген жылдарын айрықша толғаныспен әңгімелейтін. Расында, 1967 жылы енді ғана институт бітіріп келген жап-жас кен инженері аймақтың сол кездегі аса ірі кен орны – Оңтүстік кенішіне жолы түсіп, кен өндірісінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, аттары аңызға айналған тұлғалардың мектебінен өтеді. Әсіресе, «Ленин орденінің» иегерлері Николай Яковлевич Сидоренко, Тайғара Естаев, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегерлері Алексей Афанасьевич Поротиков, Райс Дәурембеков, Социалистік Еңбек Ерлері Демберген Баймағанбетов, Әубәкір Құсайынов, Қазымхан Кентаев сынды өрендермен әр жылдары бірге еңбек етуінің өзі көп жайды аңғартса керек. Ірі өндіріс басшылары Рүстем Дауітов, Садық Асатов, Қайролла Қанафин, Әмірбек Шегірбаев, Халел Көшеков, Қасым Байғұлақовтың тәжірибесін көрді. Осы үлкен ортада өсіп, шеберлік шыңдаған ол өзі де өндірістегі ең білгір де білікті мамандардың біріне айнала білді. Қатардағы тау-кен шеберінен флексура бастығы, шахтаның бас инженері, кеніштің бөлім бастығы сияқты аса жауапты жұмыстарда ұзақ жыл еңбек етті.Кен өндірісінің жаңаруына, жаңа техниканы меңгеруге атсалысты. ЭП-1 экскаваторын, «Джой», ВСД-10 кен тасу вагондарын жер астына түсіріп, сынақтан өткізуші алғашқылардың бірі болды. Өз із-өкшесін басқан инженер-техник қызметкерлер арасынан жаңаша ойлайтын, жігерлі жастарды құрмет тұтып, ақылшы аға, ұлағатты ұстаз бола білді. Солардың қатарында кейін кен өндірісінде аттары жақсы танымал тұлғаларға айналған Рысдәулет Есімов, Есентай Тыныбеков, Рүстем Төлебаев, Талғат Мағұзымов бар. Кенді өңіріміздің майталман кеншілерімен қоян-қолтық еңбек етіп, ел дәулетін еселеп молайтуға өлшеусіз үлес қосқан Өмекең КСРО түстіметаллургия министрлігінің, Кәсіподақтардың бүкілодақтық орталығының және «Қазақмыс» корпорациясының Құрмет грамоталарымен, «Еңбек ардагері» және басқа да бірнеше медальдармен марапатталған. Зейнеткерлікте жүрген жылдары да Өмекең өмір ағымынан, қоғам тынысынан әсте тыс қалған емес. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жанынан Ардагерлер кеңесі құрылғанда оның Сәтбаев қаласы филиалындағы ұйымдық жұмысына білек сыбана кірісті. Кеншілер қаласындағы тау-кен кәсіпорындары мен корпорацияның қосымша құрылымдарында Ардагерлер кеңесінің бастауыш ұйымдары құрылып, төрағалары сайланды. Корпорация тарапынан Ардагерлерге қолдау қоры арқылы көмек көрсетіле бастады. Олардың бай тәжірибесін жастарға үлгі-өнеге етіп көрсету жолға қойылды. Ардагерлеріміздің абыройы көтеріліп, алға қойған қоғамдық жұмыстар жандана түсті. Өмекең денсаулығы сыр бергенше кеншілер қаласындағы осы Ардагерлер ұйымының төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Тау-кен ардагерлері Рахым Есжанов, Нәбиден Ермаханов, Күләш Өмірбекова, Жамал Хасенова және өз жұбайы Зейнеп Әбілбековамен бірге сол кездегі «Қазақмыс» ардагерлері» тобының хорында ән салды. Жалпы ерлі-зайыпты Өмекең де, Зейнеп апамыз да өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандар болды. Өмекең жеке дауыста халық әні «Шапибайды» салғанда тыңдаған халық орнынан тұрып қол соғушы еді. Екеуі де ақынжанды. Өлеңдері жергілікті баспаларды айтпағанда, «Байғазы», «Сәтбаев достықтың қаласы», «Жүректерде жанған жұлдыз» жыр жинақтары, т.б. кітаптарға енген. 2002 жылы «Жыр шашу» деген атпен Өмірбек Сартовтың жеке жыр кітабы жарық көрген болатын. Өмірбек ағамыздың барлық адами және азаматтық қасиеттерін айта берсек тауыса алмаспыз. Күні кеше ғана арамызда жарқылдап, ойнап-күліп жүрген шақтары ұмытылар емес. Өзі кетсе де ұлан-ғайыр еліне сіңірген еңбегі, туып-өскен Кеңгірі мен өзі еңбек еткен кенді өлкеге арнаған жырлары, жеті қат жер астында тер төккен кеншілер мен өзі құрмет тұтқан «Қаныштың қара шалдарына» арнаған өлеңдері, асыл бейнесі, азаматтық түр-тұлғасы есімізде қалды. Артындағы әулеті мен немерелеріне амандық тілейміз! «Жауқазын теріп шығайық қырға» – деп жырға қосып, тірілігінде жарасып жүретін жан жары, халық сыйлаған Құрметті Зейнеп апайға Алла қуат, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр берсін!

Мұса ТІЛЕУОВ,
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы
Ардагерлер кеңесінің мүшесі.

Комментарии закрыты.