Үй болу оңай емес

Елімізде ажырасу індеті жыл сайын артып келеді. Британдық « The Economist» басылымының әлемдік рейтингінде Қазақстан ажырасу саны бойынша алғашқы ондыққа кіреді екен. Ал жергілікті басылымдардың жаңалықтарына сенер болсақ, елімізде үйленгендердің үштен бірі ажырасады дейді. «Отан – отбасынан басталады». Енді ойлап көріңізші, еліміздегі отбасылардың жағдайы осы болса, Отанымыздың болашағы не болмақ.

Жыл сайын миллионға жақын жастар бір-бірімен танысып, отбасын құруға ниеттенеді. Олардың жүз мыңнан астамы заңды түрде некелесіп, отбасы әлеміне қадам басады. Арада 4-5 жыл өтпей олардың 40 пайызы ажырасып үлгереді. Қалған 60 пайызы бақытты отбасы болып кете алды ма?
Олар үшін сынақ әлі жалғасуда. Осы сынақтардан сүрінгендер отбасы бақытына қол жеткізе алмай ажырасуға бел буады. Шаңырағын шайқалтпай, отбасыларын аман сақтап қалғандардың бәрін бақытты отбасы қатарына қоса алмаймыз. Себебі, олардың жартысынан астамы «балалар үшін шыдауым керек», «ұят болады», «жұрт не дейді», «артымнан ерген бауырларыма жаман үлгі болмайын» секілді желеулермен амалсыз жүргендер. Оларды жұбына деген шынайы сезімі суып, балаларының өсіп, ұядан аман-
есен ұшуын күтіп жүргендер деуге болады. 50-60 жасқа келіп ажырасып жатқан ата-әжелеріміз осы айтқаныма дәлел бола алады деп ойлаймын. Ажырасу мен бақытты отбасы бола алмаудың басты себептерінің бірі ер мен әйелдің психологиясын жеткілікті білмеуімізден.
Паретто заңы (80/20 қағидасы) отбасылық өмірімізде де жұмыс істеп тұр. Бірақ, біз бұл заңдылықты керісінше жұмыс істетуіміз керек. Паретто заңы керісінше жұмыс істеген кезде үйленгендердің 80 пайызы бақытты отбасы болар еді. Ол үшін ел болып атсалысуымыз қажет. Бір проблеманы шеше алу үшін әуелі дұрыс диагноз қойылып, себебін нақты түсіну шарт. Ажырасу мен бақытты отбасы бола алмаудың себебін нақты анықтамайынша бақытты отбасылардың санын көбейте алмаймыз. Бұның себептері өте көп, арнайы зерттеуді қажет ететін өзекті мәселе. Дегенмен, осы себептердің ішіндегі өте маңыздысын «ажырасулардың жасырын себебі» деп атауға болады. Бұл себепті ешкім елемейді.
Алла Тағала ер мен әйелді бір-бірінен өзгеше етіп жаратқан. Қазақта «екі жарты бір бүтін» деген ұғым бар.
Яғни, ер мен әйел бір-бірін толықтырып отыратын екі жарты десек те болады. Екеуі бір-бірімен бой жарыстыру мен кемшілік іздеуді доғарып, бір-бірін толықтыруға көшкен кезде ғана бақытты отбасы бола алады. Бір-бірін толықтырып отыра алу үшін бір-бірінің жаратылысындағы өзгешеліктер мен артықшылықтарын өте жақсы тануы қажет.

Сандуғаш Барболдиева, достық үйінің психологы.

Комментарии закрыты.