Тың серпін бермек

ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы» деп атап көрсетті.

Сонымен бірге мемлкет басшысы: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет», – деп ұсыныс келтірді. Осы Жолдауда қойылған міндеттерді орындау мақсатында 2020 жылғы 29 маусымдағы 350-VI ҚРЗ жарлығымен әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданды. Бұл заң биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Кодекс Әкімшілік рәсімдермен және жария құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу жөніндегі арнайы сот ісін жүргізумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған. Сондай-ақ, шешім шығарылғанға дейін әкімшілік процестің барлық сатыларында татуласу, Медиация туралы немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу мүмкіндігін көздейді. Жаңа кодекс сотта билік органдарымен дауларды қарау кезінде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Мемлекеттік емес ұйымдармен және тұлғалармен өзара қарым-қатынасты реттейтін болады. Яғни, оған мемлекеттік өкілеттіктердің бір бөлігі берілген және кейбір билік пен әкімшілік функциялары бар субъектілер жатады. Әрине, таразының бір басында қолында үлкен билік бар, құзыреті мықты мемлекеттік орган тұрса, екінші басында құқықтық сауаттылығының өзі күмәнді қарапайым азаматтар тұрғандықтан жеңістің кімнің жағында болатыны белгілі. Теңсіздікті жоюға, азаматтардың құқығын қорғауға қолайлы жағдай туғызуға мемлекет міндетті. Мұндай деректер Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жедел қабылдануын талап етіп отыр. Жаңа кодексте судья белсенділігін арттыруға ден қойылған. Соған сәйкес, енді қазылар мемлекеттік органдар мен жеке азаматтар әкелген дәлел-дәйектерді қанағат тұтып, шешім шығармайды. Қажет еткен жағдайда судья істі нақтылауға көмектесетін дәлелдерді, құжаттарды қосымша сұратуға құқылы. Егер сот дәйектер толық емес деген жағдайда өз бастамасымен оларды жинатуға да мүдделі. Ең бастысы, ендігі жерде әкімшілік мекемелер өз істерінің дұрыстығын өздері дәлелдеуі керек. Азаматтар мұндай әурешіліктен босатылады. Әкімшілік істі оңайлатылған әкімшілік рәсімде қарау қорытындылары бойынша тиісті шешім шығарылады. Жаңа кодексте дауларды әкімшілік Әділет тәртібімен шешу көзделген. Яғни, өтініштерді мемлекеттік соттардың кейіннен қарауына (әкімшілік сот ісін жүргізу) рұқсат бар. Демек, жаңа Кодекс республикамызды құқықтық мемлекет ретінде дамытуда маңызды қадам болып табылады. Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғаудың тиімділігін неғұрлым жоғары деңгейге көтеретіні анық.

Дәурен Ибраев,
Сәтбаев қалалық сотының судьясы.

Комментарии закрыты.