76 жылдан соң табылған жауынгер

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жылға таяу уақыт өтсе де соғыстан қалған жара жазылар емес. Осы қан кешу, қасап заманда қаншама ана жесір, қаншама бала жетім қалып, қаншама жан бауырларынан айырылды. Қаншама боздақ хабарсыз кетті. Олардың ұрпақтары осы күнге дейін бір дерек іздеп шарқ ұруда. Солай дерек таппай діңкелеп жүрген жандардың бірі біз едік…

Оқырмандарға түсінікті болуы үшін әңгімені басынан бастайын. Біздің бабамыз Тыныкеден төрт ұл туған екен.

Тыныкеұлы Көшербай 1901 жылы, Тыныкеұлы Қыпшақбай 1903 жылы, Тыныкеұлы Төлеген 1905 жылы, Тыныкеұлы Бөлеген 1907 жылы дүниеге келіпті. Сол балаларының бәрі де соғыс басталған кезде әр жылдары Қарсақбай әскери комиссариатынан майданға аттанған. Солардың ішінде тек Бөлеген әкеміз ғана 316 Панфилов дивизиясы құрамында шайқастарға қатысып, бірнеше рет жараланып, елге мүгедек боп келді. Қалған үш ағайынды жігіт осы күнге дейін хат-хабарсыз еді. Тек, ұзақ ізденістердің арқасында Төлеген әкемізден бір дерек таптық. Қолымызға тиген құжатқа қарағанда, Төлеген әкеміз 1942 жылы бір топ жерлестермен майданға аттаныпты. Қанды қырғынға кетіп бара жатқанда олар мінген әскери эшелонды жау самолеттері бомбалап, көптеген боз­дақтар жат жерде топырақ құшыпты. Солардың ішінде біздің Төлеген әкеміз де бар екен. Жау бомбасынан қаза болғандар Воронеж облысы, Бай­чурово станциясында бауырластар зиратына жерленгені анықталды.

Ал, Тыныкеұлы Көшербай 1943 жылы маусымда майданға Қарсақбай әскери комиссариатынан аттанған. Артында жары Кенжебекқызы Күлзапия, 40-күндік ұлы Олжабай қалған.
Әскери архив деректерінін арқасында Көшербай әкеміз 1943 жылы 28 желтоқсанда Беларусияның Витебск ауданына қарасты Зазыбы деревнясында қаза болып, 1500 жауынгерді бауырластар зиратына жерлеген. 1952 жылы ол жерге егін салатын болып, жауынгерлердің мүрделерін Октябрь селолық советінің Шапуры деревнясына қайта жерлеген. Міне, осы аласапыран уақытта Көшербай әкеміз тізімнен түсіп қалған. Витебск қаласындағы М.Шмырев атындағы әскери музей қызметкерлерінің араласуымен 2020 жылы 9 мамырға қарсы біздің әкеміз Тыныкеұлы Көшербайдың есімі Октябрь ауданның Шапуры деревнясындағы бауырластар зиратындағы жауынгерлер тақтасына жазылды.
Алла нәсіп етіп 2021 жылғы 15 наурызда Көшербайдің немересі Олжабайұлы Берік екеуміз әкеміз жатқан жерге барып, аруағына Құран бағыштауға аттандық. Айта кету керек, ол жақтың тұрғындары бізді өте жылы қабылдады. Ол мемлекетте бұрынғы кенес дәуіріндегідей бәрі ортақ, мекемелер жекешелендірілмеген, халықтың ықыласы, қонақжайлығы өте жоғары. Біз баратын селолық совет қызметкерлері жұмыс аяқталса да бізді арнайы күтіп тұрды, әкеміздің жатқан жерін көрсетті. Беларусь жерінде әр елді-мекенде қаза тапқан жауынгер зираты көп, сондықтан тура жолды білетін жолбасшы болмаса бірден табу қиын.
Бауырластар зиратының басына келгенімізде жан-дүниемізді үлкен тебіреніс биледі. Көңіліміз босап, көзімізге жас үйірілді. Кешегі қанды қырғында жат жерде қаза болған боз­дақтардың рухына сауатымыз жеткенше Құран дұғасын оқып, көңіліміз басылды. Әкеміздің жатқан жерін көре алмай кеткен Күлзапия, бауырымыз Олжабай, туысқандарымыз үшін Құран бағыштадық. Кейін қайтып келе жатқанда жол бойы өскен теректер бізге әкелерімізді еске алғанымыз үшін ризашылық білдіріп тербеліп тұрғандай әсер етті.
Келесі күні біздің Қазақстаннан арнайы келгенімізді естіген Беларусиядағы Қазақстан елшісі Асқар Асанұлы мырза кездесуге шақырды. Елші өте жылы қабылдап, өз тарапынан ризашылығын білдіріп, біраз ұақыт сұхбаттасып, Беларусия майдангерлері туралы кітапты сыйға тартты.
Қазақстаннан әкелерімізді іздеп арнайы келгенімізді естіген Беларусиядағы мұсылмандар мешітінің бас имамы шейх Әбу-Бакірдің қабылдауында болып, пікір алыстық. Бас имам әңгіме барысында Хатынь деревнясында болатынын, Республика басшысы қатысатынын, бүкіл діни конфессия қатысып, сол жерде Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға дұға оқитынын, сонда біздің әкемізге де дұға бақыштайтынын хабарлады. Және әкеміз жатқан деревнядағы №4420-бауырластар зиратының күтімін қадағалайтынына уәде берді. Мұны біз біздің әкеміз Тыныкеұлы Көшербайға деген кұрмет қана емес, Ұлы Отан соғысында қаза болған барлық қазақстандық жауынгерлерге деген құрмет деп түсіндік. Әрине, біз де оған ризашылығымызды білдірдік. Қазақстан елшісі Минск қаласындағы Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне арналған музейге алып барды. Ол жерден көп мағлұмат алдық.
Міне, осылайша арада 76 жыл өткенде қан майданнан оралмай, хабарсыз кеткен әкеміздің дерегін тауып отырмыз. Сөзімнің басында айтып өттім ғой, Көшербай әкемізден жалғыз ұл қалды деп. Сол Олжабай бауырым Сәтбаев қаласында тұрды. Досмағанбетқызы Қуанышпен отау құрып, 3 бала тәрбиелеп өсірді. Шахтопроходкалау тресінде автокөлік жұргізушісі болып жүріп зейнеткерлікке шыққан еді. 2011 жылы дүниеден озды. Көшербай әкеміздің құдай қосқан қосағы Кенжебекқызы Күлзипа шешеміз де сол жылы қайтыс болды.
«Орнында бар оңалар» демей ме атам қазақ. Көшербай әкем хабарсыз кетсе де соңында қалған жалғыздың ұрпақтары өсіп-өніп жатыр. Немерелері Айнұр, «Қазақмыс» корпорациясында білікті маман, Берік «Қазақ кенбарлау» мекемесінде қызметкер. Олжабай бауырымның жары Қуаныш Досмағанбетқызы 50 жылдан астам «Қазақмыс» корпорациясында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Әкеміздің шөберелері Дінмұхамед, Жасмин, Айлин де ата жолымен өсіп келеді.
Қадірменді ағайын! Мен әкеміздің жерленген зиратын іздеу жолындағы естелікті мақтану үшін жазып отырған жоқпын. Әр ұрпақ майдангер әкесін іздеп, Құран бағыштауға парыз деп ойлаймын. Егер осы жөнінде кеңес қажет болса, көмек беруге әзірмін. Бауырлар! Хабарсыз кеткен Ұлы Отан соғысының боздақтарын іздейік. Сәттілік тілеймін!

Серік Қолданұлы,
Сәтбаев қаласынын Құрметті азаматы, денсаулық сақтау саласының ардагері.

Комментарии закрыты.