Еңбегімен ер атанған

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы аясында Қазақстанның Еңбек Ері, «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі кен өндірістік кешені бригадасының бригадирі, Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты Тұрсынбек Мәкішевтың құрметіне арналған көрме салтанатты жағдайда ашылды.

«Елінің елеулі азаматтары: еңбек ер атандырар» көрмесін Жезқазған тарихи археологиялық музейі мен «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС бірлесе ұйымдастырды. Жобаның мақсаты түрлі салада ел экономикасын арттыруға сүбелі үлес қосып, рухани құндылықтарды сақтап, елі үшін еңбек етіп жүрген шынайы шеберлерді паш ету болып табылады. Көрменің тұсаукесерінде Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Бапанов, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС филиалы «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Бауыржан Баймұханов, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров, Жезқазған қаласы бойынша «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС әлеуметтік еңбек қатынастары басқармасының басшысы Сабыржан Тембаев және Тұрсынбек Шамбылұлының отбасы мен туған-туыстары, достары, әріптестері бой көрсетті.
Алдымен еңбек ерінің өмірі мен қызметі туралы бейнебаян көрсетіліп, одан әрі Тұрсынбек Мәкішев ортаға шақырылып, кішігірім сауалнама жүргізілді. Шараға қатысқан қонақтарға кезекпен сөз беріліп, ақжарма тілектер айтылды.
–Тұрсынбек «Еңбек Ері» атанды дегенде осы Жезқазған, Ұлытау аймағында ұлтына, дініне қарамастан мақтанбаған, қуанбаған адам болмаған шығар. Бұл атақ Қазақ елі егемендігін алғалы аймаққа бірінші келген атақ. Бұл осы Жезқазған, Ұлытау аймағының жұртшылығына көрсетілген құрмет деп білемін. Бұл барша кеншілер мен металлургтерге берілген атақ деп есептеймін. Бүгінгі тағылған «Алтын жұлдыз» белгісі өз иесін тапты деп ойлаймын. Оған ешкімнің таласы жоқ. Еңбектің еленгеніне қуаныштымыз. Жастарымызға үлгі болсын дейміз, – деді Т.Бүкіров.
Тұрсынбек Мәкішев 1969 жылы Қарағанды облысы Жезді кентінде дүниеге келді. Әкесі Шамбыл Мәкішев Қарсақбайдың тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері. Ал, анасы Дәрібала Ысқақова тыл ардагері, соғыстан кейінгі жылдары мемлекеттік қызметте есепші-экономист болып қызмет атқарған. Тұрсынбек Шамбылұлы 1976 жылы Жездідегі №5 орта мектептің табалдырығын аттап, кейін кеншілер қаласындағы №14 орта мектепте білімін жалғастырды. Сегізінші сыныптан кейін №108 кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алды. Училищеден кейін Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылды. Еңбек жолын 1990 жылы Батыс Жезқазған кенішіндегі №31 шахтада дәнекерлеуші болып бастап, бүгінгі таңда №73/75 шахтасының ұңғыма учаскесінің бригадирі болып еңбек етуде. Отыз жыл шыңырауда шыңдалған азамат І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Елбасы Н.Назарбаевтың атынан берілген «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік сыйлығының иегері. ҚР президенті Қ.Тоқаевтың жарлығымен Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен бірге «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендерін еншіледі.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.