Жаңа депутатпен толықты

Өткен аптаның соңында қала әкімдігінің мәжіліс залында қалалық мәслихаттың кезектен тыс 7-сессиясы болып өтті. Сессия барысында қаланың депутаттар корпусы жаңа депутатпен толықты.

Депутат Досбол Мейірбектің төрағалығымен өткен кезектен тыс 7-сессияда екі мәселе қаралды. Әуелі қалалық сайлау комиссиясының хабарламасы тыңдалды.
Қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Нина Геймбух еліміздегі Сайлау туралы заңға сәйкес мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты бұған дейінгі сайланған депутат Нұрлат Қонысбайдың депутаттық өкілеттігінің тоқтатылғанын айта келіп, оның орнына №16 мектептің директоры Қайрат Смайловтың депутат болып сайланғанын хабарлады.
Комиссия төрағасы Қайрат Құлыбекұлының еңбегі мен қаланың қоғамдық өміріне қосқан үлесі жайлы қысқаша айта келіп, депутаттық куәлік пен төсбелгі тапсырды.
Салтанатты шара барысында қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук пен қала әкімінің міндетін атқарушы Айгүл Төлендина Қайрат Смайловты құттықтап, депутаттық қызметіне сәттілік тіледі. Мәслихат хатшысы жаңа депутатқа депутат портфелін салтанатты түрде табыс етті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Сәтбаев қалалық мәслихатының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 651 «2021 – 2023 жылдарға арналған Жезқазған кентінің бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, депутаттар бірауыздан мақұлдады.
Сессия соңында қалалық мәслихаттың 8-сессиясының төрағасы сайланды. Оған депутат Луиза Мыңбаева ие болды.

Өз тілшіміз.

Комментарии закрыты.