Жаңғырту жұмыстары БАСТАЛДЫ

Кеншілер шаһарын көріктендіру жұмыстары жыл сайын артып, халық көп шоғырланатын орындар барынша әсемделіп келеді. Тұрғындар игілігі үшін демалатын орындар қалпына келтіріліп, көнергендері жаңғыртылуда.

Биылғы жылы қайта жөндеуді қажет ететін нысандардың қатарында қаланың Шығыс бөлігінде орналасқан Жеңіс саябағы да бар. Қазіргі таңда саябақты қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Қажетті материалдар жеткізіліп, аумақты жоспарлау және қураған ағаштарды жинау жұмыстары жүргізілуде. Орнына биіктігі 2-3 м болатын 700-ден астам қарағай, қайың, терек, шырша ағаштары отырғызылмақ. Халық қалаулылары да осы аптаның басында кезекті рейд жұмысын осы Жеңіс саябағындағы құрылыс жұмыстарына арнады. Арнайы мердігер компания басшылығымен жолығып, жасалып жатқан жұмыстарды өз көздерімен көріп қайтты.
– Жалпы қала тұрғындары тарапынан саябақта ағаштардың қурап, шіріп жатқаны туралы шағымдар түскен болатын. Бұдан бөлек келбеті де көңіл көншітпейді. Бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген демалыс орны қайта жаңғыртуды қажет еткені баршамызға белгілі. Осы мақсатта тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне аталмыш шағымдар бойынша ұсыныс тастаған болатынбыз. Нәтижесінде саябаққа күрделі жөндеу жұмыстары жасалатын болды. Ендігі жерде атқарылар жұмыстардың сапалы жүргізілуін назарымызға аламыз. Сапасы сын көтеріп, жарамдылығы ұзақ уақытты қамтуы тиіс, – деді қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук.
Мердігер ұйым «Ақмешіт Мелиоратор» ЖШС өкілдері жоғарыда аталған балғын, жаңа ағаштар қаламызға мамыр айының ортасында жеткізІлетіндігін, және кешіктірмей отырғызыла бастайтындығын айтты. Мердігер компания бұған дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде, атап айтқанда Қарағанды, Астана, Арал, Павлодар қалаларында осы іспеттес жобаларды сәтті жүзеге асырыпты. Жобалық-сметалық құжат бойынша монумент пен арканы қалпына келтіру, бақылау-өткізу пунктін, қоғамдық дәретхана мен субұрқақ, жүгіру және велосипед тебуге арналған арнайы жолақ салу, саябақ аумағын жарықтандыру, бейнебақылау жүйесін, аумақтың жаңа қоршауын, спорттық және балалар ойын алаңын, автоматты суару жүйесін, қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнату, саябақты абаттандыру, аумақты жасыл желекпен көмкеру қарастырылған. Жоспар бойынша саябақ тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналуы тиіс.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.