Салғырттыққа жол беруге болмайды

Қазақстанда коронавирус індеті қайта өршіп барады. Елде вирустың жаңа белгілері анықталған. Қазір алты өңір «қызыл» аймақта. Кеселдің таралу жолын кеседі деген вакциналау жұмысы да баяулап қалды. Бүгінге дейін халықтың небәрі 0,2% ғана екпе салдырған.

Мәселеге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назар аударды. «Біз иммунизациялау жағынан көшбасшы елдерден айтарлықтай артта қалып қойдық. Бүгінде тек 47 мың адам ғана толыққанды вакцинациялаудан өткен. Бұған себеп – вакцина жетіспеушілігі. Үкімет «Спутник V» өндірушілерімен келісім орнатып, тиісті мөлшерде екпе өндірсек елдегі вакцинаға деген қажеттілік біржола шешіледі деп сендірген еді. Осыған орай, мен 1 ақпанда жаппай вакцинация басталатынын жария еттім… Енді маған өзге мемлекеттердің басшыларымен қосымша вакцина жеткізуге қатысты келісуге тура келеді. Біз жедел жеткізілім үшін тиімсіз коммерциялық және қаржылық шарттарға келісуге мәжбүрміз», – деп Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды сынға алды.
Президент сәуір айында ахуалды қалыпқа келтіруді тапсырды. Олай болмаған жағдайда министр орнын босатуы мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарымызды екпе мәселесіне жауапкершілікпен қарауға, түрлі қауесеттерден аулақ болуға шақырды. «Біз, ең алдымен, мына нәрсені түсінуіміз керек: халқымыздың денсаулығы мен материалдық игілігі жаппай вакцинациялауды табысты өткізуімізге байланысты», – деп толықтырды сөзін Қ.Тоқаев.
Өкінішке орай, кеншілер қаласында да коронавирус жұқтырушылар саны әлі азаймай тұр. Науқастар апта сайын тіркеліп жатыр. Індеттің алдын алу шаралары да жүргізілуде. Екпе салу жұмысы жалғасын табуда. Иммундаудан кейін қолайсыз жайттар болған жоқ. Бірінші кезекте вакцина салдырғандар қатарында тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері және мұғалімдер бар.

Комментарии закрыты.