Шынболаттың көктемдері

Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағатында Қазақстан Республикасына еңбегін сіңірген мәдениет қызметкері, ақын, жырау, термеші Шынболат Ділдебаевтың шығармашылық жолына қатысты құжаттар, естеліктер мен суреттер сақталған жеке қоры бар. Сол қордағы суреттерді қарап отырып, Шынболат ағамыздың «Төртінші» елді мекенінде түскен суретіне көзім түсті.

Басқаға қайдам, маған Шынболат десе өзі жырлап кеткен «Төртінші» еске түседі:

«Қайран менің «Төртіншім-ай» төрт қалаға бергісіз,
Екеуміздің тағдырымыз не болары белгісіз.
Көшелерің шаң мен тозаң болса да адам көргісіз
Саған деген махаббатым адам айтса сенгісіз…».

Ақынға өзі жырлаған «Төртінші» қандай қымбат болса, сол мекен маған да сондай қымбат. Шын ағаның бозбалалық, жастық шағы сонда өтсе, менің балалық кезім де сонда өтті. Негізінен тастан салған үйлер бой түзеген 5-6 көшесі бар, қорасы қоралас, малы аралас, қазағы мен орысы, немісі мен татары тату-тәтті өмір сүрген, есігі құлыпқа жабылмайтын, той-думаны үзілмейтін сол бір уақыттағы елді мекен біз үшін бір жеке мемлекет еді. Тұрмысқа қажетті керек-жарағы, азық-түлігі сатылатын дүкені, бір жағы пошта, екінші жағы мектебі орналасқан бір қабатты ғимараты, ашық алаңда жазғы кинотеатрға дейін болды. Темір жолдың әр жағындағы Жезқазған кентіне уақытылы автобус қатынап тұрды. Сондағы жасыл желекті паркке, ондағы стадион мен бессейнге бару біз үшін, 60-шы жылдардың балаларына үлкен бір мереке еді.

Әке-шешелеріміз, ағаларымыз «Төртіншіге» ең жақын орналасқан 45-ші шахтада немесе темір жолда істейді (ол кезде Жезқазған кентінен Қарсақбайға жолаушылар таситын поезд да жүрді).
Шынболат аға, біздің әкей бар, өздерімен қатарлас 20-25-тегі жігіттер сол шахтада кеншілік еңбек жолын бастады. Жұмысқа жаяу барады, жаяу келеді. Сол кездегі кенші жастардың өмірге деген құлшынысына, жан-жақтылығына қайран қалам. Жеті қабат жер астынан жұмыстан шаршап шықса да, кешке «Төртіншінің» көшелерінде думандатып жүретін. Шынболат ағаның қолында домбыра, біздің әкейдің иығында екі қатарлы сырнайы, Октябрь деген досының фотоаппараты бар, сырнайлатып, күмбірлетіп жүруші еді.
Біз Шынболатты «Өлең айтатын көке» деп атайтынбыз. Сол көкеміз Жезқазған кентіндегі кеншілер сарайында өнерлі жастарды жинап концерт өткізетін. «Төртіншінің» жазғы кинотеатрына да өнерпаздарды әкеліп, жерлестерін мәз-мейрам қылатын. Ән шырқалып, күй күмбірлеп, соңы би кешіне ұласатын. Біз, мұрынбоқ балалар, жігіттер мен қыздардың билеріне кинотеатрдың қоршауынан сығалап, «біз қашан осылар сияқты өседі екенбіз» деп армандайтынбыз.
60-шы жылдары менің сүйікті жездем Қалдыбай Шынболатпен бірге 45-ші шахтада геологиялық бөлімде жұмыс істеді. – Забойға түсеміз. Пробаға тас жинау керек, –деп еске алатын жездеміз. – Менің тіршілігім тас алатын қоржынды көтеру. Шынболат ол кезде геологқа оқып жүрген. Әр тастың қасиетін, жарамдығын білетін. «Сен осы жерде тұр. Ешқайда кетпе. Мен қазір тас жинап келем», деп зырылдап забойды аралап кететін. Жылдам еді. Жарты сағат өтпей тастарын құшақтап: «болды, жұмыс бітті. Қоржынды ал, кеттік. Шәй ішеміз» деп жымыңдап, бір әуенге басып алға түсуші еді, – деп марқұм жездеміз әріптесін еске алып отырушы еді. Шын мәнінде Шынболат ағамыздың жас кезінде-ақ жымыңдап жүретін күлкісі әдемі еді, өзі де сымбатты жігіт болды ғой. Сол «Төртіншіде» сүйген жары Әлиямен қосылып, анасы Гүлжауһардың қолын ұзартып, келін түсірді.
Ол заман өтті де кетті… Шынболат жырлаған «Төртінші» де жермен жексен болды. Тек «Төртіншінің» қырында ата-бабаларымыз, әке-ағаларымыз бен әже-апаларымыз жерленген зират қана өткен өмірдің үнсіз ескерткіші ретінде тұр. Сол жерде Әлиясының жанында бір төмпешік болып Шынболат ақын да жатыр.
80-шы жылдары бастапқыда «Төртінші» тұрғындарын жаппай Сәтбаевқа көшіреді. Одан сала, жалпы Жезқазған кентін де көшіре бастағанда, сол зиратқа бару қиындап кетті. Бұрын Весовая арқылы барушы ек, кейін 65-67 шахта, одан Ақши-спасск карьері арқылы айналшықтап баратын болдық. Оның өзінде бүкіл жер қазылып тасталған. Ертең сол жерлерді астан-кестең қопарғанда зираттың тағдыры не болмақ деп те ойлайсың?! Ата-бабаларымыздың, Шанболат сияқты абзал азаматтардың басына барып, құран оқып, тағзым ете алмаймыз ба?!…
Жезқазған өңірінің жұртшылығына Шынболат ақын, жырау ретінде ғана емес, бесаспап асаба ретінде де танымал болды. 1984 жылы мен үйленетін болып, тойды осы Сәтбаевта кезінде болған «Достық» мейрамханасында өткізетін болдық. Әкей алдын ала той жүргізушіні де сайлап қойыпты. Оны өзінің әріптесі, қатарлас құрдасы Шынболатқа жүктепті. Солай менің үйлену тойымды Шынболат ағамыз күмбірлетіп өткізіп, келіннің бетін өзі ашып еді…
Тағдыр жазып, мен Шынболат ағаны осы Сәтбаевтың термеші-жыршысы, күйшісі болған Әбдіраман Бөпейұлының үйінде де талай кездестірдім. Әбдіраман ақсақал 90-шы жылдардың ортасында біздің сол кездегі сәтбаевтық «Сарыарқа» газетіне жыр-қиссалар, аңыз әңгімелер, өткен ғасырлардағы көнекөз айтыстарды әкеліп, бастырып тұратын. Ол кісі тұнып тұрған таусылмас ауыз әдебиеттің бір бұлағы еді. Үйінде талай болып, талай әңгімесін тыңдадым. Ол ақсақалға Шынболат ақын да жиі келетін. Шынекең ол кісіні ұстаз ретінде қатты сыйлады, аңыздарын тыңдап, күмбірлеген күйлеріне тәнті болатын. Сол абыздан өзінің өнеріне нәр алатын, шабыттанып шығатын. Әбдіраман ақсақал қайтқанда Шынболат ақын жылапты, оның көз жасының тамшылары мына жырлардан-ақ көрініп тұр:

«Іздеймін сені жан аға» (Әбдіраман Бөпеевтің рухымен сырласу).

«Әбеке, тағы қара жер болып, мұңайдым.
Сізді іздеп, шаршап төсекке келіп құлаймын.
Қара аспан түссе, көтеретұғын нар едің,
Кім қалды, шіркін,
Шындықты кімнен сұрайын».

Сөйткен Шынболат ақын өзінің жүрекжарды шындығын да айтып кетті. Ол шындықты ғана емес, махаббатты, өзінің адамзатқа деген шынайы сезімін жырлады. Ол көктемде туып, қоңыр күзде кетсе де, сол көктемде өзінің жырларымен келіп тұрады. Бізге үміт сыйлайды, көктем сыйлайды.

Комментарии закрыты.