Қалада жағдай күрделі

Сәтбаев қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гаухар Жалмурзинаның айтуынша, қалада эпидемиологиялық ахуал бүгінгі күні күрделі жағдайда тұр. Індет жұқтырғандар саны әлі азаймауда. Керісінше кейбір жағдайда өсім байқалады…

«Жақыныңа жанашыр бол», «Сақтансаң сау боласың». Бүгінгі күннің басты қағидасына айналған бұл сөздерге бүгінде ел жүрдім-бардым қарайтын болған сыңайлы. Осының салдарынан елде індет қайыра өрши бастады. Екі қала, алты облыс «қызыл» аймаққа кірді. Солардың қатарында Қарағанды облысы да бар. Біздің Сәтбаев қаласында да жағдай мәз емес. Қаланың бас санитар дәрігері берген ақпаратқа қарағанда қала бойынша жыл басынан бері 167 адам індет жұқтырған екен. Ал, соңғы бір аптада 22 адамнан ковид оң нәтиже берген.

Салғырттық – сырқаттың таралу жолы

– Індетке шалдыққандардың 70 проценті симптомды, 29,8 проценті симптомсыз. Ең бастысы, сырқаттардың қатарында балалар да бар. Ал, індетке шалдыққандардың басым көпшілігі өндірісте жұмыс істейтіндер мен 50-80 жас аралығындағы кісілер. Проценттік көрсеткішпен айтар болсам, сырқатқа шалдыққандардың 27,5 проценті өндіріс аймағының жұмысшы-қызметкерлері, 12,67 проценті зейнеткерлер. Сондай-ақ, 11,92 процент балалардың үлесінде. Жыл басынан бері 20 бала індет жұқтырса, соның 10-ы симптомды. Бұл көңіл көншітерлік жағдай емес, – дейді Гаухар Жалмурзина.
Қаланың бас санитар дәрігерінің айтуынша, сырқаттың бұлайша таралуына өзіміз себепкер болып отыр екенбіз. Негізгі ошақ үй жайы мен жұмыс орындары болып отыр. Көпшілік сырқатқа немқұрайлы қарайды. Өзін жайсыз сезінсе дәрігерге қаралудың орнына өз бетінше емделеді. Осылайша індетті таратушы болып шыға келеді.
– Әсіресе кәсіпорын басшылары өте салғырттық танытып отыр. Сырқат белгісі бар адамдар жұмыста жүреді. Мысалы жылу-энергетика кәсіпорнының маманы ковид симптомымен жұмысқа келген. Оны ешкім бақылап, үйіне қайтармаған. Салдарынан 3-4 адамды сырқатқа шалдықтырды. Мұндай жағдай өзге де өндіріс орындарынан кездеседі. Негізі, қандай мекеме, ұйым болмасын қазіргі уақытта мүмкіндігінше сақтық танытып, жұмыскерлерді қадағалап, тексерістен өткізіп отырулары қажет. Мемқызметтер мен квазимемқызмет салалары жұмыскердерді қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшіргендері дұрыс. Бұл үшін арнайы нұсқау күтіп отырудың қажеті жоқ. Карантиндік шара күшейтілді ме, қашықтықтан жұмыс істеу жүйесі де автоматты түрде іске қосылуы керек. Талап солай. Осындай шектеу шаралары мен карандиндік талаптарды орындағанда ғана індетті тізгіндей аламыз, – дейді Гаухар Шәріпқызы.

Шара күшейтілетін болады

Сандәрігер сондай-ақ, қалада той-томалақтар мен құдайы астардың әлі тоқтатылмай отырғанын қынжыла отырып баяндады. Тіпті, кейбір кәсіпкерлік нысандары шектен шығып бара жатқан сыңайлы. Олар әсіресе мейрамханалар.
– «Ханзада», «Мұрагер», «Мың бір түн» мейрамханалары біздің ескертпелеріміз бен салып жатқан айыппұлдарымызға пысқырмайтын да болды. Әрине, біз түсінеміз. Жұмыс істемесе табыс жоқ. Табыс болмаса несие жабылмайды. Солай екен деп адам өмірімен ойнауға болмайды ғой. Осындай кәсіп нысандары қазір өздерінің жұмыс бағытын өзгерткен. Көптеген тойханалар табыс табудың басқа жолдарын тауып, бизнесін жалғастырып жатыр. Бірі дүкен, енді бірі қойма болып дегендей. Ал, біздің жоғарыда аталған мейрамханаларымыз әр кәсіпкерге жалға беруді әдетке айналдырып, айыппұлдан, не болмаса кәсібін тоқтатудан жалтару жолдарына көшкен. Қазір біз мұның да жолын кесуді ойластырып отырмыз. Ендігі жерде аталған мейрамханалардың үстінен толтырылған хаттамалар заңға сәйкес прокуратураға тапсырылатын болады. Осылайша құқық бұзушыларға қолданылатын шара күшейтілетін болады, – дейді басқарма басшысы ашынған кейіпте.

Еріктілер егіле бастады

Індеттің таралуына жол бермеудің бірден-бір жолы – екпе алу. Қазір бұл жұмыс әлем бойынша бірінші мәселеге айналды. Ол жүйелі жүре де бастады. Оны өз қаламыздан айқын аңғаруға болады. Бүгінгі күні қала бойынша 4 жүздей адам екпе алды.
– Өздеріңізге мәлім, ақпан айында елімізде жаппай екпе алу басталған еді. 9 наурыз күні біздің қаламыздың медицина қызметкерлері бірінші болып екпе ектірген болатын. Екпе алудың бірінші кезеңі бойынша 300 адам вакцина салдырды. Арада 21 күн өткенде әлгі 300 адам екінші дүркін егілді. Бәрінің де жағдайлары жақсы. Ешқандай артық белгілер білінген жоқ.
14-сәуірден бастап кеншілер қаласына ерікті түрде жаппай екпе салу басталды. Қалаға 2000 доза вакцина әкелінді. Бұл ерікті азаматтарға салынатын вакцина. Бүгінгі күнге дейін полиция қызметкерлері мен мұғалім, тәрбиешілерді қосқанда 100-ге жуық адам ерікті түрде екпе алған еді. Осы жолы әкімдіктің қызметкерлері өз еріктерімен екпе салдырды. Жұмыс жалғасып жатыр, – дейді Гаухар Жалмурзина.

90-ға дейін шақырту түседі

Соңғы кездері қалада жедел жәрдем көлігінің ащы дауысы жиірек естіліп жүр. Өткен жылғы аласапыраннан қорқып қалған көпшілік бұған әжептәуір елеңдеп қалатын болды. Осының мән-жайын білмек болып қаламыздағы жедел жәрдем станциясының бөлімшесіне де қоңырау шалған едік.
– Оған алаңдайтын ештеңе жоқ. Қазіргі талап бойынша шақыруға шыққан жедел жәрдем көлігі көшеде дабылын қосып жүруі керек. Ал енді, қаланың эпидахуалына келсек, былтырғыдан көп жақсы. Рас, шақыртулар бар. Жедел жәрдемге күніне 90-ға дейін шақырту түседі. Бірақ, дені қан қысымы көтерілген, жүрегі сыр берген жандар. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері сырқаттың осы түрлері белең алып тұр, – дейді Қарағанды облыстық жедел жәрдем станциясының Сәтбаев қаласы бойынша бөлімше басшысы Ханиса Оспанбекова.
Ханиса Шоханқызының айтуынша, осы уақыттарда ОРЗИ, ОРВИ сырқаттары да белең алады екен. Мұның сыртында пневмония да бар. Бүгінгі күні тәулігіне 2-3 шақырту осы пневмонияға байланысты болып тұрады екен.
– Былтырғы жылдағыдай емес, шақыртулар күрт азайды. Былтыр тәулігіне 200-ге дейін қоңырау түсіп жататын. Бұл, біріншіден, елде вакцина салу басталғалы сырқаттың бәсеңдегенін көрсетсе, екіншіден, қазір емханалар мен отбасылық амбулаторияларда жедел жәрдем көлігі мен мобильдік топтар жұмыс істеп жатыр. Осының арқасында жедел жәрдемге түсетін жүктеме азайды, – дейді бөлімше басшысы.

Түйін

Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы берген мәліметке қарағанда, қала бойынша вирустың репродуктивтілік көрсеткіші 2,6-ны құрайды. Бұл апта арасындағы өсім. Өткен апталарда сырқатқа шалдыққандар деңгейі бұдан көп төмен еді. Бұл аптадағы болжамдық өсім 29,5 процент болып отыр. Сондықтан, қалада карантиндік талап қатайды. Қала қайтадан «сары» аймаққа кірді. Сақтықты күшейтпесек «қызыл» аймақ таяқ тастам жерде тұр. Қызылға кіру оңай, одан шығу қиын. Осыны ұмытпайық.
Індетті тұзақтаудың бірден-бір жолы – вакцина екенін айттық. Қазір жаппай вакциналау жүріп жатыр. Егер қала тұрғындарының 50-60 проценті екпе алса біздің иммундық қуатымыз да анағұрлым артады. Сондықтан, екпе алуға енжар қарамайық.

Топтаманы әзірлеген
Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.