Қолы ашықтың – жолы ашық

Қайырымдылық – ең ізгі қасиет. Көпбалалы аналарды баспанамен қамтамасыз етіп, адалдық пен адамгершілікті ұлықтап жүрген «Харекет» қайырымдылық қорының Жезқазған-Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы бойынша алғашқы кеңсесі ашылды.

Бүгінгі күнге дейін еліміз бойынша 431, аймағымызда 15 отбасын баспанамен қамтамасыз еткен қордың еліміздің әр аймағында жеке кеңсесі бар. Ал, біздегісі Жезқазған қаласындағы Анарқұлов көшесі 12 в мекенжайында орналасқан. Енді бұл жерде салтанатты шаралар мен игі басқосулар өткізіліп, тұрғындардың өтініші қаралатын болады. Бейнетаспалар жазылып, құжаттар қабылданып, тіркеледі. Ашылу салтанатында сөз алған қор жетекшісі Ерлан Сүлеймен алдағы уақытта осы мақсатты жүзеге асыра беретіндігін жеткізді. Ол үшін еріктілерді қайырымдылық қорының жұмысына атсалысуға шақырды.

– Қайырымдылық қиналған адамдардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі болып табылады. Сондықтан Жаратушының разылығын аңсаған халде бар ықыласпен қолұшын беру дұрыстың дұрысы. Қайырымдылықты қастерлі ұғым санап, әрдайым жақсылыққа, адалдыққа үндеген бабаларымыз қоғамда ынтымақ ортасының орнауына ерекше назар аударған. Қайырымдылық жасаған адам ешқашан кедейленіп қалмайды. «Қолы ашықтың – жолы ашық». Алланың берген ризығынан аз да болса бір бөлігін Хақ Тағаланың разылығы үшін жұмсауға шақырамын, – деді мейірімділікті мұрат тұтқан қордың қаламыздағы өкілі Рәш қажы Сейітқызы.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.