Сөз бен ой, өлең мен өре салыстырды

Өткен аптаның соңында Ш.Ділдебаев атындағы мұражайда айтыскер және жазба ақындарды жиып, өзара сөз бен ой, өлең мен өре салыстырған айтыс өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған доданы «Харекет» қайырымдылық қоры мен «Аяла» қоғамдық бірлестігі ұйым­дастырды.

Айтыс өнерінің дамуына қолдау көрсету, еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары мен құндылықтарын, қаламызда жүзеге асырылып жатқан жасампаз жобаларды дәріптеу, насихаттау мақсатындағы айтыс жас ақындардың басын қосты. Бұл жолы да көнеден жеткен бекзат өнер ордалы ойы, сұңғыла сөзімен көңіл түкпіріне ой салып, замана сазын толғады. Сана өзгермей, сапа өзгермейді. Сондықтан, ақындарымыз «Тәуелсіздік» ұғымын тереңнен талдап, Тәуелсіз еліміздің жетістіктерін жан-жақты жырлады. Жыр бәйгесінде көрерменге әсерлі айтыс сыйлаған Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы жанындағы «Айтыс» үйірмесінің жетекшісі Ботакөз Мұхитден бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынға Жезқазған музыка колледжінің студенті Мәди Олжабай лайық деп табылды. Жазба ақындар арасында №19 мектептен Гүлжан Мұхит бірінші, №27 мектеп оқушысы Арайлым Үкібай екінші орындарды өзара бөлісті.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.