Жанармай құны «жанып» тұр

Елімізде жанар-жағармай құны күрт өсті. Бұған халық қалаулылары да өз тараптарынан алаңдаушылық білдіріп жатыр. Бірақ, баға басын иер емес. Ғаламтордағы деректерге қарағанда АИ-92 маркалы бензиннің құны Алматыда литріне 150 теңгеден 168 теңгеге дейін жоғарылады, ал Нұр-Сұлтанда – 170 теңге, Ақтауда – 172 теңге, Атырауда 200 теңгеге дейін жетті.

Құзырлы орындар бағаның бұлайша бұлқынуын импортқа тәуелділік және мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеумен түсіндіреді. Сондай-ақ, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы технологиялық қондырғылардың апаттық тоқтауы да бағаның бұлқынуына себепкер сияқты.
Бізде бензин бағасының өсуі тарифтерден, тауарлар мен қызметтердің соңғы құнынан менмұндалап көрініп тұрады. Айналып келгенде, оның салдарынан қарапайым тұтынушылар зардап шегеді. Осы тұрғыда депутаттар Үкіметке жанар-жағармай нарығында жағдайды тұрақтандыру бойынша қажетті шараларды қабылдау, бензин бағасын реттеудің тиімді тетіктерін даярлап, енгізу, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесе жанар-жағармай нарығында баға бойынша келісу мен картельдік келісім ықтималдығына тексеру жүргізу сынды ұсыныстарын жариялады.
Энергетика министрлігінің депутаттық сауалға берген жауабында мұнай өнімдерінің нарығы өте құбылмалы болып табылатындығы, Қазақстанның ішкі нарығында да, көршілес елдерде де салық салу, баға белгілеу жүйесі және жанар-жағармаймен қамтамасыз етілуі, сұраныстың маусымдылығы, мұнай өңдеу зауыттарындағы технологиялық іркілістер мен күрделі жөндеулер сияқты көптеген факторлардың әсеріне байланысты екендігін мәлім етті. «…Мұнай өнімдерінің ішкі нарығын тұрақтандырудың құралы ретінде Энергетика министрлігінің құзыреті заң аясында мұнай өнімдерінің ресми экспортқа шығатын көлемін реттеу қарастырылған. Осы механизм шеңберінде 2021 жылдан бастап Министрлікпен экспортқа жөнелту алынып тасталды. Жалпы елдегі АИ-92 бензинінің ағымдағы қоры жайлы деңгейде – қабылданған шаралар арқасында жылдың басымен салыстырғанда қор іс жүзінде 60 мың тоннаға өсті, яғни 270 мың тоннаға жетті. Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, нарықтағы бағаның тұрақтануы күтілуде», – деп түйіндейді Энергетика министрлігі.
Орайы келгенде айта кетейік, жанармай бағасы біздің қаламыз­да да жалын сипатпай тұр. Бүгінгі күні ең арзан бинзин «ҚазМұнайГаз» компаниясының жанармай бекеттерінде ғана. Литрі 165 теңгеден. Ондағылар бағаның бұлайша төмен болуын жағармай қорын жасап алғандарымен түсіндіреді. Ал, ең қымбат бинзин «С-Мұнай» жанармай бекетінде. Онда Ай-92 бензинінің бір литрі – 180 теңге.

Аманкелді Ақшал.

Комментарии закрыты.