16 пәтерлі үй салынуда

Ғаламтордағы ақпаратқа сүйеніп айтсақ, 2021 жылдың алғашқы екі айының өзінде елімізде 1 млн. 893 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл – 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,8 пайызға жоғары көрсеткіш екен.

Әрине, қуанышты жағдай. Әсіресе, қазіргідей күрмеуі көп күрделі уақытта елімізде әлеуметтің әлеуетін көтеретін жұмыстардың қарқын алуы көңілге үміт ұялатады. Мұндай ілкімді істер өз қаламызда да бар. Қалалық құрылыс бөлімі берген ақпаратқа қарағанда, биыл кеншілер қаласында 16 пәтерлік 4 қабатты тұрғын үй салынып, пайдалауға берілмек. Бұл мемлекеттік бағдарлама бойынша ғана салынып жатқан баспана. Мұның сыртында, жеке меншік компаниялардың күшімен салынатын тұрғын үйлер өз
алдына.

Ерден көшесінің бойында салынып жатқан 4 қабатты үйдің құрылысы үстіміздегі жылдың қаңтар айында басталған екен. Тұрғын үй биыл пайдалануға берілуі керек. Қазір оның қабырғалары қаланып, таяу күндері ішкі инженерлік инфрақұрылымдарын тарту жұмысы басталмақ. Жалпы аумағы 1260,80 шаршы метр болатын баспанаға облыстық бюджеттен 185 888 мың теңге қарастырылған. Тұрғын үйді «Балхашский Казмеханомонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігісалуда.

«Бұл баспана пайдалануға берілгенде тұрғын үй фондынан үй алу кезегінде тұрғандар саны біршама азаяды», дейді құрылыс бөлімінің мамандары.

Ізбасар Ойбас.

Комментарии закрыты.