Онлайн жиында ой бөлісті

Пандемия жағдайында жұмыс істеп жатқан білім беру мекемелері өздерінің міндеттерін барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып орындауға тырысуда. Соның бірі – тәрбие.

Өткен аптада Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің ұжымы оқушыларға ZOOM платформасы арқылы профилактикалық-түсіндірме әңгімелер жүргізу бойынша мамандармен кездесу ұйымдастырды. Шара барысында Сәтбаев қаласының дін сұрақтары бойынша және кеңес беру орталығының теологы Р.Талипбекова діни экстремизмнің алдын алу, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Г.Жунусова, «Аяулым» қоғамдық бірлестігінің төрағасы К.Абдуалиева кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылықтың және өзге де құқық бұзушылықтың алдын алу, ювеналдық полиция тобының инспекторы М.Курманай кәмелетке толмағандардың арасында бопсалау және мектеп медбикесі Ж.Мурзатова коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында келелі әңгіме қозғап, оқушылармен ой бөлісті. Онлайн жиналысқа 8-11 сынып оқушылары мен ата-аналары қатысып, мамандарға өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтар қойды.

Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында мектеп директоры Г.Жаппасова мектебіміздің педагог-психологтары Д.Жанзакова мен Д.Қарабекованың қатысуымен ZOOM платформасы арқылы ата-аналар жиналысын да өткізді. Ата-аналар алдағы уақытта осындай тақырыптағы онлайн жиналыстар жиі ұйымдастырылып тұрса деген өздерінің ұсыныстарын айтып, алғыстарын білдірді.

Тұрдыгүл Примова,
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Комментарии закрыты.