Сақтансаң сау боласың!

Ел аймақтарындағы эпидемиологиялық ахуал күннен-күнге күрделене түсуде. Қазақстанда 3 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырған. Сәтбаев қаласындағы жағдай да мәз емес. Қалалық әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Гүлмира Таңсықбаева берген мәліметке қарағанда, бүгінгі күні 38 адам ауруханада ем алуда.

Эпиджағдайдың күрделілігіне байланысты Қарағанды облысы «қызыл» аймақта. Осыған орай әлеуметтік сала бөлімінің басшысы жұқпалы індетті тоқтатудың жолы вакцина салдыру екенін айтып отыр.

– Коронавирус инфекциясының таралуын тоқтатудың жалғыз жолы – жаппай вакцина салдыру. Сондықтан, әр адам бұған үлкен жауапкершілікпен қарауы керек, – дейді Гүлмира Өміртайқызы.

Бөлім басшысының айтуынша, қалада індеттің алдын алу шаралары ойдағыдай ұйымдастырылған. Қазір қала бойынша 290 төсектік арнайы орындар жабдықталған. Мұның 18-і жансақтау бөлімінің міндетін атқарады. Өткен жылғы жағдайдан сабақ алған билік сақтық шараларын осылайша мықтап алды. Оған да шүкір. Осының арқасында қазір сырқатқа шалдыққан жандар деңгейіне қарай ауруханаларға орналастырылуда. Сырқаттардың дені Жезқазған қаласындағы жаңадан салынған модульдік орталықта жатыр.

– Қаламызда жыл басынан бері 189 жағдай тіркелсе, оның 149-ы емделіп шықты. Бүгінгі күні 38 адам ем алып жатыр. Олардың 11-і бала, 9-ы зейнеткер, 1-і студент, 7-і үй шаруашылығындағы әйел, 10-ы жұмыскерлер. Бұлардың ішінде 16 адам үй жағдайында ем алуда. Ал, емханада жатқандардың 14-і Жезқазған қаласындағы модульдік орталықта. Оның 12-сі ковид оң нәтиже бергендер. Сондай-ақ, қаламыздағы пульмонология орталығында 10 адам жатыр. Өкінішке орай, екі адам осы кеселден көз жұмды.

Індеттің ілмегіне ілінгендермен қарым-қатынаста болғандар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Бүгінде мұндай 468 адам үй карантинінде отыр. Оларды бақылап, денсаулықтарын қадағалап отыру үшін 2 мобильдік топ құрылды. Олардың құрамына санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан, медицина саласынан және қалалық әкімдіктен мамандар тартылған, – дейді Гүлмира Таңсықбаева.

Қала тұрғындарына жаппай екпе егу жұмысы да талапқа сай жүріп жатқан сыңайлы. Алғашқы кезеңді айтпағанда, 10 сәуір күні қаламызға 3 мың доза вакцина келіпті. Оның 2000 дозасы бірінші кезеңге, 1000 дозасы екінші кезеңге салынбақ. 11-20 сәуір аралығында қаланың 1703 тұрғыны екпе алып үлгерген. Бұл белгіленген меженің 85 проценті. Орайы келгенде айта кетейік, екпенің алғашқы партиясы қаламызға 6 наурызда келген еді. Ол – 300 дана болатын. Сол алғашқы кезеңде 300 адам бірінші болып екпе алды. Олар негізінен медицина, құқық қорғау саласының қызметкерлері болды.

– Карантин талаптарына сай қалада білім беру мен мектепке дейінгі мекемелердің жұмыстары да аралас форматқа көшірілді. Бүгінгі күні қаладағы 15 балалар бақшасында 117 кезекші топ жұмыс істеп, 2231 бала тәрбие алып жатыр. Оларда 683 қызметкер жұмыс істейді.

Сондай-ақ, 12 сәуірден бастап мектептерде 1-5 және 9-11 сынып оқушылары ғана негізгі пәндер бойынша оқытылуда. Қалған сыныптар қайтадан қашықтықтан оқу форматына көшті. Яғни, 11535 оқушының 3669-ы – қашықтықтан, қалған 7866 оқушы аралас форматта білім алып жатыр.

Қаламыздағы 3 колледждегі жағдай да осындай. Бірінші курстағы 239 студент аралас форматта оқытылуда. Олар үшін 20 топ құрылып, әр топқа 11-12 студенттен топтастырылды. Атап айтқанда, индустриалдық колледжде бірінші курстағы 110 студент – 10 топқа, техникалық колледждің 50 студенті – 4 топқа, медициналық колледждің 79 студенті 6 топқа бөлінді. Қазір оларда сабақ талапқа сай өткізіліп жатыр, – дейді әлеуметтік сала бөлімінің
басшысы.

Бөлім басшысы қаладағы жағдайға байланысты, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға шақырады. Кеншілер қаласының тұрғындарын жасырын той-жиын, мерекелік кештерді өткізуді тоқтатып, көпшілік орынға жиналмау секілді қарапайым қағидаттарды сақтау арқылы індетті тежеуге атсалысса дейді.

Жағдайдың ушығуына санитарлық талаптарға бағынбай, тәртіп пен заңсыздыққа баруымыз себеп болып жатқаны жасырын емес. Бүгінде қала аумағында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына 10 мобильдік топ мониторинг жүргізгенімен, халықтың бәріне бақылау жасау әсте мүмкін емес. Сондықтан, індет өршіп, елдің басына қиындық туғанда әр адам жауапкершілікті сезінгені абзалырақ болар.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, пандемия кезінде әлемде 117,2 миллион адам ауырып, 2,6 миллион адам қайтыс болыпты. Өткен жылдың қателігі мен қасіретінен сақтануды қаласақ, талап пен тәртіпті сақтайық. Сақтансаң сау боласың!

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.