Тарихи сабақ өтті

Жуырда қалалық мемлекеттік архивтің ұйымдастыруымен академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 122 жыл толуына орай «Ұлы ғалым туралы тың дерек» атты тарихи сабақ өткізілді. Оған қала мектептерінің оқушылары қатысты.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы: «Архив -2025» жеті жылдық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған тарихи сабақ жеке тектік қор иегері Қаныш Имантайұлына арналды. Кездесу барысында архив қызметкерлері ғалымның өнегелі өмір жолы мен қызметі жайлы толыққанды ақпарат берді.

1947 жылы Англияға сапар жасаған кеңес парламентарийінің ішіндегі қазақ ғалымына Ұлыбританияның экс премьер-министрі У.Черчилль қалжыңдап «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда академик: «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деп жауап беріпті. Осы бірауыз сөзден біртуар тұлғаның жан-дүниесінің, халқын сүйген жүрегінің де ірі екенін байқауға болады.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері кентасты кендер геологиясы мен Қазақстанның минералды ресурстарына арналған. Қаныш Имантайұлы Жезқазған кенін зерттеу және Орталық Қазақстанның (Сарыарқаның) металлогендік және болжам картасын жасауда көп еңбек сіңірді. Ол ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізді. 1926-1929 жылдары Жезқазғанды ірі мыс кентасты аудан қатарына көтеруде Сәтбаевтың еңбегі өте зор болды. Бұрынғы геологиялық деректерге терең талдау жасап, бұл кен ауданының кең көлемдегі геологиялық-барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі нысан екенін дәлелдеген. 1927-1928 жылдары – Жезқазған, Қарсақбай, Атбасар, Спасск аудандары, Қарағанды тас көмір алабы және Қаратау полиметалл кендері жөнінде ғылыми маңызды еңбектер жарияланды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында танк бронын құюға қажет марганец тапшылығы туған кезде Сәтбаевтың жетекшілік етуімен өте қысқа мерзімде Жезді марганец кені барланып, іске қосылды. Академиктің қолдауымен Алматыда Орта Азия геофизика тресі ұйымдастырылып, Қазақ КСР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі құрылды.
Тарихи сабақ барысында оқушылар осы және өзге де құнды мағлұматтарға қанықты. Шара соңында шағын бейнеролик көрсетіліп, балалардың Қаныш аталары жайлы білімі бағамдалды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.