«Шарықтау шегі — мамырдың ортасы»

Жылдан асып барады, қауіпті індеттің беті қайтар емес. Керісінше, соңғы уақытта тіптен ушығып бара жатқан сияқты. Елімізде «қызыл» аймаққа кіргендердің қатары да өсіп келеді. Қазір елді індеттің беті қашан қайтады, вакцинациялау жұмысы қалай жүруде деген сауалдар жиі толғандыратын болды. Біз бұл сауалдарды қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гаухар Жалмурзинаға қойдық.

– Гаухар Шәріпқызы, індет шарықтау шегіне жетті ме? Бұл толқын қай кезде аяқталуы мүмкін?

– Мамандардың болжамы бойынша, бұл толқын мамыр айының ортасына дейін жалғасады. Көрші Ресейдегі жағдайды бақылап отырмыз. Былтыр Ресейде бірінші толқын болғаннан кейін, екі айдан соң бізге жетті. Ал қазір көрші мемлекетте жағдай тұрақты. Себебі, халықтың басым бөлігі вакцина алды, әлі де егіліп жатыр. Егер біздің елде де вакцинациялау жақсы қарқынмен жүрсе, індеттің бұл толқыны ерте аяқталады. Сондықтан, тұрғындардың жетпіс пайызы екпе алуы
керек.

– Вакцинациялау жұмысы қалай жүріп жатыр? Тұрғындардың екпеге көзқарасы қалай?

– 9 наурыздан бастап қала тұрғындарына Ресейдің «Спутник V» вакцинасы егіліп жатыр. Жалпы, қалада вакцинациялау жұмысы жақсы жүруде. Тұрғындарының арасында қазіргі жағдайды түсініп, емханаға хабарласып, егіліп жатқандар бар. Мұндай көзқарастағы азаматтарға ризамыз. Олар жалған ақпараттарға сенбей, өзінің, отбасының денсаулығын ойлап отыр. Десек те, халық әлі де бұл індеттің қауіпті екенін түсінбейді.

– Алғашқылардың бірі болып өзіңіз де екпе алдыңыз. Бір ай уақыт өтті. Қазір жағдайыңыз қалай?

– Екпеден кейін ешқандай кері әсерді байқағаным жоқ. Қазір жағдайым жақсы. Тұрғындар арасында да екпенің жанама әсерінен жағдайы қиындады деген дерек тіркелген жоқ. Әрине, бас ауыру, қызу көтерілу, әлсіздік секілді жанама әсерлердің болуы қалыпты. Ең бастысы, бірінші компонентті алғаннан кейін салқын тигізіп, вирус жұқтырып алмау керек. Вирусқа қарсы антидене екінші компонентті алған соң барып күшейеді. Оған дейін сақтанып жүру керек.Вакцина алған адам вирус жұқтырса да, ауру жеңіл түрде өтеді. Тұмауратқандай болады. Ең бастысы, өкпесі қабынбайды.

– Вакцинадан әлі де қорқып жүргендер бар. Тұрғындар арасында оның зиянына қатысты ақпарат көп…

– Иә, оныңыз рас. Ел интернеттегі жалған ақпаратқа сенеді. «Екпенің әсері бір айдан кейін, бір жылдан соң білінеді екен», «екі жылдан кейін қайтыс болады екен» деген сияқты жалған пікірлер көп. Ондай жалған ақпаратқа сеніп, үрейленудің қажеті жоқ. Вакцинадан кейін пайда болған антидене ағзаға түскен вирусты өлтіреді. Ол миға, жүйке жүйесіне, дененің өзге мүшелеріне ешқандай зиянын тигізбейді.

– Тұрғындардың көпшілігі ораза тұтып жатыр. Бұл індетке шалдығу қаупін жоғарылатпай ма?

– Күнұзақ аш жүрген, су ішпеген адам ауруды тез жұқтырып алуы мүмкін. Сондықтан, иммунитеті төмен адамдарға ораза тұтпауға кеңес беремін. Жағдай тұрақталған соң қазасын өтеуіне болады. Себебі, қазір ауырып қалса, әлсіреп тұрған ағза вирусқа қарсы тұра алмай, бірден өкпе қабынуы мүмкін. Ал пневмонияға шалдығып, ауруханаға түскен соң ораза бұзылады. Сондықтан, қазіргі жағдайға түсіністікпен қараған жөн. Егер иммунитеті мықты болса, үйден шықпай, ешқайда бармаса ғана ораза тұтуға болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Аманкелді Ақшал.

Комментарии закрыты.