Балалар алаңы салына ма?

Жуырда редакциямызға қаламыздағы Бұлқышев көшесі 41-1 үйдің тұрғыны Күнтуған Байшуақов ақсақал қоңырау шалды. Жеке бастың емес, елдің мүддесін көздеген ақсақал сол көшедегі тұрғындар атынан сөйледі. Әңгіменің ұзын-ырғасы төмендегідей…

Өткен жылдың күзінде Бұлқышев көшесінің бір топ тұрғындары қала әкімінің қабылдауына келіп, аталмыш көшеде балалар ойнайтын алаңның жоқ екенін, мүмкіндік болса заманауи ойын алаңын салып беруге көмектесуін сұрап, өтініш айтады.

Қала басшысы Асқар Ыдырысов тұрғындардың тілегін қанағаттандыру үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне тапсырма береді. Арада апта өткенде аталмыш бөлімнің мамандары мердігер мекеменің өкілін ертіп Бұлқышев көшесіне келеді. Тұрғындар қалаған жер біреудің жекеменшігі болғандықтан, ТКШ мамандары басқа жерді ұсынады. Ол жер сазды, сызды болғандықтан, тұрғындар жерге тас төгіп, көтеріп барып орнатуды талап етеді. Мердігермен арадағы құжатта мұндай жұмыс қаралмағандықтан, балалар алаңы кейінге қалады.

– Жұмыстың нақтылы қашан жүргізілетінін білмек болып қалалық әкімдікке барғанымда қолыма қала әкімінің орынбасары Батыр Абдрахаевтың жауап хатын ұстатып қоя берді. Онда, «балалар алаңын салу жұмысы 2021 жылы жүргізіледі», дегеннен басқа ештеңе жоқ.

Көктем шыға жұмыс биыл жүзеге асырылады ма деген сауалмен әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысына тағы бардым. Бірақ, ондағылар менің сөзімді жүре тыңдап, жөнді жауап бермеді. Сосын өздеріңе телефон шалып отырмын, – деді Қүнтуған Сыздықұлы.

Ақсақалдың өтініші бойынша біз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Кенжеғұловқа жолықтық. Бөлім басшысы бізге төмендегідей жауап берді.

– Күнтуған Байшуақов ақсақал бізге келді. Қазір қауырт жұмыстар басталып жатқандықтан уақыт бөле алмағанымыз үшін кешірім сұраймын.

Ал енді өтінішіне келер болсақ, биыл қалада балалар алаңын жабдықтау қазіргі қаржылық дағдарысқа орай шектеулі. Сонда да болса біз Бұлқышев көшесіне бір балалар ойын алаңын орнатуға шешім алып отырмыз. Бірақ, ол жұмыстар қаладағы жоспарланған алаңдарды орнатып болғаннан соң ғана қолға алынады. Бұл жаздың ортасына баруы мүмкін, – дейді Нұржан Кенжеғұлов бізге берген жауабында.

Комментарии закрыты.