Жыры бітпейтін жол…

Өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысын дұрыс атқармағаны үшін «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Ұлан Әліповты қызметінен босатты. Осы алқалы жиында Мемлекет басшысы Үкіметке республикалық және жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Барлық өңірде бюджет қаржысының жұмсалуына, көлік магистральдарының салынуына және жөнделуіне бақылау күшейтілетінін, алдағы уақытта аталған мәселені өзінің жеке бақылауында ұстайтынын айтты. Сапасыз жолдардан әбден шаршаған халық үшін бұл үлкен жаңалық болды…

Жол неге сапасыз?

Соңғы бірер жылда қала көшелерінің жолдарын жөндеуге жақсы назар аударылып келеді. Қыруар қаржы да бөлінуде. Өкінішке орай, сапасыз жұмыстың салдарынан сол жұмсалған қаржы желге ұшып жатыр. Жаз соңына қарай жылтырап жататын жаңа асфальт көктемде қармен бірге «еріп» кететін ауруға ұшырады. Сөйтіп, жаңарған көшелер бұрынғы таз қалпына қайта түседі. Бұл жылда қайталанатын жағдайға айналды. Осыдан барып елді «Жолдың сапасы неге нашар? Сапаны кім бақылайды? Мердігер мекеме неге жауапсыз?» деген сауалдар толғандырады. Біз осы сауалға шамамызша жауап іздеп көрдік.

Кейбір аймақтардағы жолдың сапасына қатты қызығасыз. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ, өз өңірімізден келтіруге болады. Мәселен, Жаңаарқа мен Қарағанды қаласы арасындағы кейбір жол бөліктерінің жөнделгеніне бес-алты жыл болса да теп-тегіс күйінде жатыр. Ал, Жаңаарқа мен Жезқазған қаласының арасындағы күні кеше ғана жөнделген жол бөліктері ойдым-ойдым. Неге? Себебі анау бөлікте жол  барлық технологияға сай салынған. Бергі жағы оған онша мән бермеген. Бұл жол салудан титтей де хабары жоқ маған да аян.

Жалпы, жолды жөндеу жұмысы үшке бөлінеді екен. Олар – орташа, күрделі, қайта жаңарту.  Орташа жөндеу кезінде жолдың үстіңгі қабаты қырылып алынады да оның үстіне екі қабат асфальт төселеді. Бірақ, мұндай жөндеуден өткен көшелердің астыңғы жамылғысы әбден «шаршап» тұр, яғни үлкен қысымға шыдас беретін, суды жібермейтін, асфальт жамылғысын көтеріп тұратын шағыл тастар әбден үгітілген. Оның үстін қырып, қайта салғанмен, ол сапалы болып шықпайды. Ал күрделі жөндеу кезінде жолдың астыңғы қабатынан бастап қайта салынады. Мәселе осында.

Рас, қаланың барлық жолдарын күрделі жөндеп шығу мүмкін емес. Ондай қаржы да жоқ. Десек те, сол орташа жөнделетін жолдардың өзі технологияға сай жасала ма? Гәп осында. Беті қырылып алынған жолдардың өзіне ұзына бойы екі рет асфальт төселмейді. Ол ішінара ғана жасалады. Неге? Қаржы жоқ. Сметада көрсетілмеген.

Мердігер мінсіз бе?

Жолдың сапасыз болуының бірінші себебін айттық. Ал, екіншісі – мердігер мекеменің жа­у­ап­­сыздығы. Бір ғана жайт, жол салатын мекеменің кейбірінің техникасы жоқ. Олар лицензиясы болса тендерге қатыса алады. Тендерді ұтып алғаннан кейін техниканы, құрылыс материалдарын өзгеден сатып алады. Мысалы, техникасы бар серіктестік тендерді ұтып алған мердігерге кесімді мерзімге техникасын жалға береді. «Осы уақытта үлгеріп, техникамды қайтарасың» деген шарт қояды. Мердігер сол уақытқа үлгеруі керек. Ол техниканы ғана емес, басқа да құрылыс материалдарын солай сатып алады. Сондықтан, жанталасып жүріп жұмыс істейді. Ал, асығыс жасалған жұмыстан қандай сапа күтуге болады.

Алысқа бармай-ақ былтыр­ғы жылды алайық. Тәуелсіздік даңғылына орташа жөндеу жүргізілетін болды. Ақшасы бөлінді. «Құсайын жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тендерді ұтып алды. Бірақ, жұмыс толық аяқталмады. Жасалған жұмыстарының өзі еш сын көтермеді. Қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері бірнеше рет рейд жасап, ескертулерін айтты. Тіпті, әкімдікке ұсыныс берді. Онда мердігер мекеменің жауапсыздығы, кәсіби жарамсыздығы ашып көрсетілді. «Мердігер мекемені ауыстыру керек» деген әңгіме айтылды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары мекемесі осы ұсыныс негізінде қалалық сотқа талап-арыз да жазды. Алайда, одан еш нәтиже шықпады. Соттағылар, «кінә мердігер мекемеден емес, сол уақыттағы төтенше жағдайдан» деген жауап беріп, талап-арызды қарамады да.

Жол қайта жөнделе ме?

Сонымен, былтыр қара күзде Тәуелсіздік даңғылының бір бөлігіне асфальт төселді. Биыл көктемде ол қар суымен шайылып кетті. Қазір көше шұрқ тесік. Ал екінші бөлігіне мүлдем күрек тиген жоқ. Бұл жолдар биыл қайта жөнделе ме? Оны кім жөндейді? Біз осы сауалды қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары мекемесінің мамандарына қойдық.

– Иә, өткен жылы Тәуелсіздік даңғылының жолы өте сапасыз жөнделіп, тұрғындардың наразылығын тудырды. Ол олқылықтар биыл қалпына келтірілетін болады. Жұмыс «Құсайын жолы» ЖШС-ның өз қаржысы есебінен жүргізіледі. Жұмыс басталмас бұрын біз қалалық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесіне қарасты жол-техникалық инспекциясының мемлекеттік жол инспекторы мен Қарағанды облысы бойынша жол активтері сапасын бақылау ұлттық орталығының мамандары бар арнайы комиссия құрып, жолдың сапасыз бөліктерін анықтадық. Нәтижесінде аталмыш мердігер мекеме салынған жолдың жоғарғы жамылғысын қайыра төсеп, Наурыз көшесі мен Ерден көшесі аралығындағы жолды сапалы жөндеп беретін болды. Бұл жұмыстар алдағы мамыр айында басталады. Жалпы, жұмыс ауа-райының қолайлы кезінде, сапалы жөнделіп, тапсырылатын болады, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Кенжеғұлов.

Сапа қатаң бақылауда болады

«Аузы күйген үрлеп ішеді», дейді атам қазақ. Бұған дейін де осындай жайбарақаттықтан сапасыз жұмыстар қабылдап, маңдайлары тасқа тиген ТКШ бөлімінің мамандары енді жұмыстың сапасына баса назар аударатындарын айтып отыр.

– Қала тұрғындары «сапасыз жолды қабалдадыңдар» деп бізді жазғырып жатады. Шын мәнінде, бұл жерде біздің кінәміз жоқ. Жолдың сапасын қарайтын бірнеше құзырлы орындар бар. Солардың шешімі шыққаннан кейін бізден қайран шамалы. Тек, келер жылы олардың қолдарына жұмыс сапасыз­дығы анықталған актыны ұстатып, кем-кетігін жөндеуді ғана талап етеміз. Ендігі жерде мұндай келеңсіздіктер қайталанбас үшін жұмыс барысында оның сапасын ұдайы бақылап отыратын болдық. Ол үшін жоғарыда аталған Қарағанды облысы бойынша жол активтері сапасын бақылау ұлттық орталығының мамандарымен бірлесіп рейдтер, бақылаулар жасап отырамыз. Технология сақталып жатыр ма, құрылыс материалдарының сапасы қандай, құрамы, мөлшері, температурасы талапқа сай ма? Қысқасы, жүргізіліп жатқан барлық жұмыс техбақылаудың көз алдынан өтуі тиіс. Жолдың сапасын тексеріп, соңғы құжатқа қол қоятын да сол маман. Техбақылау жолды қабылдап алғаннан кейін ғана тапсырыс беруші мердігер мекемеге ақша аударады, – дейді Нұржан Ахмедияұлы.

Биылғы жоспар қандай

Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, соңғы жылдары жергілікті жолдарды жөндеуге айрықша мән беріліп келеді. Оған мемлекет тарапынан да қолдау бар. Ал, биыл Мемлекет басшысы жолдардың сапасы мен оған бөлінген қаржының орынды жұмсалуын тікелей өзі бақылауға алатын болды. Ендеше жұмыс та жоғары деңгейде жүргізіледі деген сенім зор. Міне, осындай оңтайлы тұста Сәтбаев қаласында қанша шақырым жол жөнделеді екен? Осы сауалды да біз бөлім басшысының алдына көлденең тарттық.

– Биыл да қаламызда көшеаралық жолдарды қалыпқа келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр. Нақтырақ айтар болсам, 9,6 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оған 406,1 млн. теңге қаралған. Мұның сыртында 75 аула абаттандырылады. Мұның ішінде 4-ші және 5-ші шағын аудандар мен қаланың төменгі аймақтары бар. Бұл үшін қазынадан 433,8 млн. теңге қаралып отыр. Мұның сыртында қала жолдарына ағымдағы жөндеу, яғни шұңқырларды тегістеу жұмыстары қоса атқарылады. 25 мың шаршы метр жол қабаты қайыра жабылады.

Аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін мердігер мекемелер анықталып, тендер өткізіледі. Олардың үшеуімен бүгінгі күні келісім-шарт жасалды. Ал қалғандарымен конкурстық шаралар сәуірдің 20-сына дейін аяқталмақ. Мұның сыртында, әңгімеміздің басында айтып өткенімдей, жұмыстарға қатаң бақылау қою үшін сапа орталығымен келісім-шарт жасалды, – дейді ТКШ бөлімінің басшысы.

Ізтай Белгібайұлы.
Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.