«Ауызашар қоржыны» мен азық-түлік қалтасы таратылды

Қасиетті айда қайырым жасау сауап. Кешегі айдың, күннің аманында қайырымды жандар мешітте ауызашар беріп, елдің сауабын алып жатушы еді. Тәжтажалдың кезекті толқыны биыл да бұл іске кедергі болды.

Бірақ, қолы ашық, жүрегі ақ жандарға ол қолбайлау бола алмады. Биыл да қайырымды жандар қаламыздағы Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешітке киім-кешектер мен азық-түлік әкеліп, жалғызілікті, жағдайы жоқ, қамқорлыққа мұқтаж жандарға тегін таратып беруді сұраған еді. Аптаның басында аталмыш мешіттің бас имамы Қоңдыбай қажы Серікбайұлы осы аманатты абыроймен орындады.

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айында мешіт есіктері уақытша жабылғанымен мейірімділік, ізгілік пен сауап есіктері айқара ашық тұратындығын айтып, қасиетті Рамазан айында мұқтаж отбасыларға ауызашар есебінен қайырымдылық жасауды үндеген болатын. Бұған кеншілер қаласындағы кәсіпкерлер де қолдарынан келгенше үлес қосты. Мешітке киім-кешек, аяқ киімдер әкеліп берді. Мұның сыртында біз мүмкіндігі жоқ, қамқорлыққа мұқтаж жандарға деп сұйық май, күріш, картоп, қант, жуа сияқты азық-түлік жиынтығы салынған 50 қалта да дайындадық. Ол мешітке түскен пітір, садақа есебінен алынды.

Баршамызға белгілі, бұған дейін ауызашар дастарханы мешітте жайылатын еді. Пандемияға байланысты биыл да дәмдерді үйге тараттық. Ол үшін арнайы «Ауызашар қоржынын» дайындадық. Бір құты су мен құрма және бірінші, екінші ыстық тамақ бар 50 қоржынды қаламыздағы пульмонология орталығында ковидтен емделіп жатқан сыр­қаттар мен солардың жанына араша болып жүрген ақ желеңді жандарға апарып бергелі отырмыз, – дейді бас имам.

Сол күні мешіттің дәмханасына келген жандар өздеріне ұнаған киімдер мен азық-түлік сөмкесін алып кетті. Бұл шара карантин талаптарын қатаң сақтай отырып өткізілді. Ал, мешітке келе алмаған жандарға еріктілер жеткізіп берді. Бас имам Қоңдыбай қажы Әкбаров өзі бас болып инфекциялық ауруханаға «ауызашар қоржынын» жеткізді. Мұндай қайырымдылық шаралары Рамазан айы біткенше жалғасатын болады дейді бас имам.

Ізтай Белгібайұлы.
Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.