Қызғалдақтың құны – 9 миллион теңге

Жуырда әлеуметтік желілерде қызғалдақ жұлғандар жауапқа тартылатыны жайлы ақпарат тарады. Онда қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлғандарға 9 млн. теңге айыппұл салынатындығы айтылған. Бұл шараға негізі Түркістан облысының экологтары мұрындық болған секілді.

Қалай дегенде де, көтерілген мәселе өте орынды. Шын мәнінде табиғатты аялау, экологиялық жағдайға жанашырлық таныту дегеніміз кенжелеп барады. Бір сәттік қызық пен бір мезеттік масайрау үшін Табиғат-Ананы құрбандыққа шалып жатамыз.

Түсіне білген адамға қызғалдақ табиғаттың бізге берген сыйы. Біздің елде ғана қызғалдақтың бірнеше ондаған түрі өседі. Ең бастысы, олар біздің табиғатта ғана өседі. Ондай түрлерін өзге ешбір елден кездестіре алмайсыз. Сондықтан да Қазақстанды «қызғалдақтар елі» деп жатады. Сол жеріміздің сәні, еліміздің символы болатын әсем гүлді өз қолымызбен жұлып, тұқымын тұздай тоздырып жатырмыз.

Түркістан облысының экологтары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері осындай оралымсыздықтың жолын кесу үшін әлеужеліде айтылып жүрген шараға барып отыр. Бұл өңірде қызғалдақ жұлған жандарға 9 миллион теңге айыппұл салынбақ. Не болмаса 3 жылға бас бос­тандығынан айыру шарасы да қарастырылатын болады. Тіпті, 800 сағат қоғамдық жұмыстарға жегу де бар.

Шара қатаң. Оны біздің де қолдауымыз қажет. Өйткені, Сәтбаев қаласының төңірегінде қызғалдақты алқаптар бар. Бірақ, сол алқап жыл сайын азайып, көздің жауын алатын қызыл, сары қызғалдақтар құрып барады. Есесіне мамыр айында сыртқа шығып, құшақ-құшақ қызғалдақпен келіп жатқан жерлестеріміздің қатары азаяр емес. Оны азайту үшін түркістандықтардың тәсілін қолдануымыз керек.

«Мына байғұс дым таппаған ба. Қызғалдақты неге қызғыштай қорып отыр» дейтіндер де табылар. Әрине, қызғалдақ менің меншігімдегі дүние емес. Бірақ, қаламыздың айналасы қызыл, қызылсары, сары түсті қызғалдаққа оранып, кілемдей болып жайнап жатса тамаша емес пе. Ал, дала қызғалдақтарын неге жұлуға болмайтынын да айтып өтейін. Еліміздегі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі мамандарының айтуынша, жабайы қызғалдақтардың өзге түрлерден айырмашылығы – олар пиязшықтан емес, дән арқылы таралады екен.

Тұқым топырақта 4-7 жыл жатады және содан кейін ғана жаңа пиязшық қалыптастыратын көрінеді. Бұл пиязшықтан гүл сабағы өсіп шығады. Гүл күлтеленген соң тұқым қауашағы пайда болады. Осы процесс жыл сайын қайталанады және бір қызғалдақтың өмірі 70-80 жылға жетеді. Ал кейде жетпеуі де мүмкін. Себебі, сіз бір фотосурет үшін гүлді жұлып аласыз да, 2 сағаттан кейін қоқыс салғышқа тастай саласыз, өйткені ол тез солады.

Орайы келгенде айта кетейік, енді бірер аптадан соң қала аумағында қызғалдақ гүлі бүр жарды. Қазақстанда өсетін 35 түрлі қызғалдақтың 18-і Қызыл кітапқа енгізілген, олардың таралу аймағы да қысқарып барады. Сіз соған себепші болмаңызшы.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.