Жаңа кодексі азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған

2020 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне қол қойды. Кодекс азаматтардың мүддесін қорғауға, оның ішінде мемлекеттік органдардың негізсіз уәжден қорғауға арналған қағидаттарды енгізетінін атап өткен жөн.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азаматтардың нақты құқықтарын қорғау мәселесін реттейді. Яғни, әкімшілік актілердің сапалы болуын қарастырады. Әкімшілік актілер дегеніміз не? Бұл мемлекеттік органдардың нақты азаматқа қатысты шешімі. Әкімшілік кодекс азаматтардың құқықтарының қорғалуының негізгі кепілдіктерін белгілейді. Мемлекеттік органдар азаматтар құқықтарын пайдаланған кезде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіндегі белгіленген барлық міндеттеме мен принципті сақтауы керек. Бұл өте ауқымды сала. Оған мемлекеттік қызметтерді көрсету, жүргізуші куәліктерін беру, куәліктер беру сияқты азаматтардың нақты құқықтарының қолданысына бағытталған барлық іс-шаралар кіреді.

Бұл біздің құқықтық жүйедегі мүлде жаңа құжат. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлер мен судьяларды оқыту жұмыстары жүргізілуде. Кодекске сәйкес судьялар өте маңызды рөл атқарады. Себебі, мемлекеттік органдардың шешімдерінің Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің талаптарына сәйкестігін дәл соттар тексереді. Жеке әкімшілік соттар құрылады. Бұл соттар азаматтар мен мемлекеттік органдардың, басқа ұйымдардың арасындағы дауларды қарайды.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі «әкімшілік орган» түсінігін бекітті, оған мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен қатар құрамына әкімшілік актіні қабылдауға, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) жасауға уәкілеттік берілген мемлекеттік заңды тұлғалар, басқа ұйымдар кіретін болады. Осылайша сотта әкімшілік орган немесе өкілетті тұлға жауап беруші болады.

Кәсіпкерлік субъектілері үшін маңызды жаңашылдықтардың бірі – әкімшілік актіде байланысты бір сот өндрісінде – арнайы аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сотта әкімшілік іс-әрекетке (әрекетсіздікке) байланысты жауапкерден келтірілген залалды өтеуді талап ету мүмкіндігі.

Сонымен қатар кодекс егер берілген әкімшілік актімен келіспеу жағдайында жоғары тұрған әкімшілік органға шағым түсіруді қарастырады. Осы ретте әкімшілік органда немесе өкілетті тұлғада егер ол үш жұмыс күні ішінде қолайлы әкімшілік актіні қабылдаса, шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын әкімшілік іс-әрекетті жасаса, шағымды жоғары тұрған органға жібермеу мүмкіндігі бар.

Заңда көрсетілгендей, сот алдағы уақытта әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қалмайды. Атап айтқанда, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге құқылы.

Бұл заң аясында судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беріліп отыр. Яғни, судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Бұрынғы заң бойынша судьяға ондай құқық берілмейтін. Судья іске байланысты өз пікірін айтуға тиіс емес болатын.

Тағы бір жаңашылдық. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады. Сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жүзеге асырады.

Заңда «Татуластыру рәсімдері» кеңінен қолданылады. Егер тараптар дауды татуласу, медиация не партисипативтік жолмен шешуге тоқтаса, онда келісім жазбаша түрде жасалады. Оған екі жақ немесе олардың өкілдері қол қояды. Судья тараптардың татуласуы үшін қажетті шаралар қабылдай алады, дауды процесс барысында реттеуге көмектеседі.

Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім бойынша келісім не оның шарттары заңға қайшы келген жағдайда, сот оны бекітпей тастайды. Сондай-ақ, адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын келісімдерге де жол берілмейді.

Дауласушы тараптар өзара татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсімге келісім бермесе немесе сот келісімнің шарттарын бекітпесе, әкімшілік істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.

Заң тараптардың өзара келісімге келуін, бір-бірімен татуласуын басты шарт ретінде қарастырады. Бұл мысалдар жаңа Заңның гуманитаралық бағытын, заңнаманы одан әрі ізгілендіру ісінің нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Аталған Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Сәтбаев қаласының прокуратурасы.

Комментарии закрыты.