Мемлекеттік тілді білу – тәуелсіздік тұғырын биіктету

«Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы», дейді Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің мақаласында. Шынында солай. Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ол халық тарихымен бірге жасап, ұрпақтан-ұрпаққа қатынас құралы ретінде қызмет етіп келеді. Қазақ тілі – асыл мұра.

Қазақ тілі – әлемдегі тілдер­дің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі. Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдыретті. Тіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп қалыптасады. Ана сүтімен бойға енген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталуы керек. Айналада адамдарға, өзіңнің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас та туған тіліңді білуден басталады. Тіл – халықтың рухани, мәдени байлығын дамыту құралы.

Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Адамзаттың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Қазақтың бір­туар ақыны М. Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады», – деген. Тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тіліне көзінің қарашығындай қарауына және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті.

Мемлекеттік тілді меңгеру – кез келген Қазақстан Республикасы азаматының міндеті. Шындығында, мемлекеттік тілде сөйлеу, жазу, оның шұрайлы тілін, қуатты күшін жете білу – біздің парызымыз.

Ұлы жазушы Шыңғыс Айтматов ана тілі туралы: «Халқымыздың мәңгі ғұмыры оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін – ұлы», деген еді. Біз үшін қазақ тілі – ұлы. Әрбір тәуелсіз мемлекеттің өткені мен бүгінін әлемге танытатын да оның тілі. Қазақ тілі арқылы күллі әлем тәуелсіз мемлекетіміздің тарихын, мәдениетін, әдебиетін және өнерін таниды.

Президентіміз Қ.Тоқаев мемлекеттік тілдің қолданылуы мен дамуына ерекше назар аударып отыр. Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік тілін меңгерумен қатар, іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру – бүгінгі күннің өткір мәселесі, заман талабы. Елбасымыз Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында Үкімет алдына республикамыздың әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елінің қатарына кіруі жөніндегі міндетті қойды. «Әлемнің дамыған елдерінің қатарына кіруі де, ел экономикасымен қатар, әлеуметтік мәселелерге, оның ішінде мемлекеттік тіл мәселесіне айрықша көңіл бөлуіміз керек. Ұлттың ұлт болып қалыптасуы мен дербес, тәуелсіз мемлекет болуының негізі – оның ана тілі» деді сол маңызды құжатта. Қазақстан – әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауы керек.

Марал Шәкенова,
№5 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі.

Комментарии закрыты.