Достық үйі – менің екінші үйім, – дейді Оксана Жук

«Жүрген жерінде әңгімесін айтып, жан-жағын үйіріп жүретін Оксана Жук Достық үйінің белсенді мүшелерінің бірі. Ол орталықтағы ғана емес, қаладағы барлық іс-шараларға да белсене атсалысады. Сол себептен Достық үйіндегілер оны өте қатты құрметтейді». Бұл Сәтбаев қаласындағы Дотық үйі директорының орынбасары Динара Нашкенованың пікірі.

Оксана Николаевнаның айтуынша, сонау үшінші мыңжылдықтың басында өмірге келген этно-мәдени орталықтардың ішіндегі іргелісі тарас Шевченко атындағы Украин ұлттық мәдени орталығы екен. Сол кездері оның құрамында 80-ге жуық мүшесі болыпты. Оны құруға марқұм Роман Степанович Бурда үлкен еңбек сіңірді.
– 2018 жылы осы ұлттық мәдени орталықтың тізгінін мен қолыма алдым. Әрине, бұрынғыдай емес, орталықтың мүшелері анағұрлым азайды. Көбі қартайып, үйлерінде отыр. Өмірден өткендері бар. Тарихи отанымызға қоныс аударғандар да аз емес. Соған қарамастан этно-мәдени орталықтың 20-ға жуық мүшесі бар. Бұрынғыдай таяу, шалғай шет елдерге шықпасақ та ел көлеміндегі, қала, облыс аумағындағы өнер байқауларына қатысып, жүлдеге ие болып жүрміз. Жалпы, бірлестік мүшелері Достық үйіндегі барлық өзге ұлт өкілдерімен тату-тәтті өмір сүріп келеді.

2017 жылы қаламызда осы Достық үйі ашылды. Бұл қаладағы барлық этно-мәдени орталықтардың бір шаңырақ астында, бірлесіп жұмыс істеуіне зор мүмкіндік тудырды. Достық үйінде барлық жағдай жасалған. Арнайы кабинетіміз, музейіміз бар. Музейде әр ұлттың ұлттық киімдері, тұрмыстық заттары, сондай-ақ тарихи мағлұматтар жинақталған, – дейді Оксана Николаевна.

Кейіпкеріміздің айтуынша, кеңес заманында Қазақстанға өзге ұлт өкілдерімен бірге украиндар да көптеп келіп, қоныс аударған. Олардың бірқатары тың және тыңайған жерлерді игеруге арнайы жолдамамен келсе, кейбіреулері құрылыс саласын дамытуға, енді біреулері өз еріктерімен келген. Солардың бірі Оксананың әке-шешесі – Валентина Васильевна мен Николай Яковлевич. Олар, комсомолдық жолдамамен келіп, осында қоныстанып қалыпты. Оксана осы Сәтбаев қаласында (сол кездегі Никольский поселкесі) дүниеге келген екен. №14 мектепті бітірген соң Жезқазған қаласындағы №15 кәсіптік учелищенің тігінші мамандығын бітіріп, еңбек жолын ательеде тігінші болып бастаған. Алайда, тоқсаныншы жылдардағы оңтайландыру саясатының салдарынан ателье жабылып, Оксана №57 шахтаға кен тиеу учаскесіне машинист болып жұмысқа орналасқан. Бұл – 1996 жыл болатын. 2013 жылға дейін осы кеніште еңбек етіп, кейін заман ағымымен кәсіпкерлік саласына келген.

– Алайда этно-мәдени бірлестіктің жұмысы мен үшін өте маңызды, ал Достық үйі – менің екінші үйім. Біз ол жерде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырып, ән айтып, би билеп, көңілімізді көтереміз. Этно-мәдени орталықтар қаладағы мәдени-көпшілік шараларға белсене қатысады. Наурыз, Масленица сияқты халықтық мерелер кезінде бірлесіп түрлі көңілді шаралар ұйымдастырамыз, – дейді Оксана.
Сөз арасында кейіпкеріміз Елбасының салихалы саясатының арқасында бүгінде еліміздегі барлық өзге ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын, ал оның ұрпақтары өз болашақтарын Қазақстанмен ғана байланыстыратынын әңгімеледі.

– Қазақстандағы 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың мәдениетінің бір арнаға тоғысуы – қазақ халқының дархандығы мен асқан төзімділігінің нәтижесі. Соның арқасында бүгінде елдегі халық бейбіт күнде тіршілік етіп жатыр. Еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің, тұрақтылық пен татулықтың сақталып, дамуына біздің Елбасымыздың қосқан үлесі зор. Елбасының салихалы саясатының арқасында бүгінгі күні өзге ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр, — дейді ол.

Оксана Николаевна жылдағыдай биыл да Украин этно-мәдени бірлестігі Қазақстан халқының бірлігі күнінде өзге ұлт өкілдерімен бірге өнер көрсетіп, мерекені ерекше атап өтетінін айтты.

– Барша қазақстандықтарды бірлестік атынан бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Қаламыздағы өзге ұлт өкілдеріне осындай Достық үйін ашып, олардың өз мәдениеті мен өнерінің дамуына жағдай жасаған қала басшылығына алғыс айтамын!

Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, ынтымағымыз бен бірлігіміз мәңгі жасай берсін! Елімізде тек бейбітшілік болсын! – деді Оксана Жук жүрекжарды тілегін жеткізіп.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.