Арқаның ән мектебін ұнатамын, – дейді Артем Артемьев

Сәтбаевтық Артем Владимирович қаршадайынан қазақтың ән-күйіне құлағын қанықтырып өскен екен. Соның арқасында орыстың өнерлі өрені бүгінде қазақ әндерін нақышына келтіріп орындайды. Ішінде Абайдық «Көзімнің қарасы» мен «Желсіз түнде жарық ай» әндері де бар.

– Мен өзім осы Сәтбаев қаласында туып-өстім. Әке-шешем де осы өңірдің байырғы тұрғындары. Ал, ата-әжелерім Ресейдің әр өңірінен келген екен.Шешемнің әке-шешелері Ростовтан болса, әкемнің отбасы Воронежден келген Олар осы Қазақстанда танысып, табысып отау құрған. Сондықтан, Қазақстан – менің Отаным. Ендеше мен неге қазақ тілін, оның өнерін білмеуім керек?!

Рас, өзге тілді меңгеру, ол тілде сөйлеу оңай емес. Бірақ, бұл жағынан маған қазақтардың өзі көп көмектесті. Аулада балалар, мектепте сыныптастарым, көшеді қазақ халқы қазақша сөйлеп, осы тілді үйренуіме ықпал етті. Қазір 70-80 пайыз қазақ тілін түсінемін, сөйлеймін. Ал, енді қазақ әндерін сүйіп, оны үйренуіме анамның ықпалы зор болды. Ол кісі музыкант. Маған әрдайым: «Қазақ тілін, әнін үйрен, одан жаман болмайсың» – деп айтып отырады. Содан кішкентайымнан бірте-бірте қазақ тілін, әнін үйрене бастадым. Маған арқаның ән мектебі қатты ұнайды. Сондықтан да мен қазақ әндерін, халық әндерін көп орындауға тырысамын. Жай тырысып қана қоймаймын, нақышына келтіре орындаймын. Қазіргі таңда орыс әндерінен гөрі қазақ әндерін көп білем десем, асыра айтпаған болармын, – деп әңгімесін бастаған кейіпкеріміз тіл үйренуде қазақ әндерінің де игі әсері мол болғанын айтады. Осының нәтижесінде ол Жезқазғандағы Музыка училищесін вокал мамандығы бойынша бітіріп, қазір Сәтбаев қаласындағы өнер мектебінде осы сала бойынша дәріс береді. Анасы Ольга Александровна да осы мектепте гитарадан шәкірт тәрбиелеп жүр.

– Жалпы, өнер саласында анамның септігі аз тиген жоқ. Сөзімнің басында айтып өткенімдей, ол кісі қазақ әндерін, қазақтың халық әндерін жаттатып, айтқызып тәрбиеледі. Соның әсері болар, мектепте оқып жүргенде түрлі сазды шараларға қатысып, қазақ әндерін орындайтынмын. Байқауларға да қатыстым. Және ылғи жүлдесіз қайтпайтынмын, – дейді Артем.

Артем әңгіме барысында ұлты қазақ достарының көптігін, жалпы араласатын ортасының кеңдігін де тілге тиек етті. «Көршілеріммен де етене араласамын, бір-бірімізге туыстай болып кеттік», – дейді орыс жігіті.

Қазақстан халқының бірлігі күнін жыл сайын ерекше қарсы алатынын айтқан Артем бұл мереке коронавирус инфекциясының кесірінен соңғы бірер жыл халықтан ажырап қалғанын қынжыла отырып жеткізді. «Бұрын дастарқан жайып, артынша достарыммен орталық алаңдағы концертті тамашалауға баратын едік. Шектеу шаралары оған тоқтау салып отыр. Әйтсе де, осылай күліп-ойнап, концерт көріп жүргеніміз, жалпы әр мерекені ескерусіз қалдырмайтынымыз бейбітшіліктің арқасы емес пе? Басымыздағы осынау бақты бағалай білейікші. Өзара тату болсақ, достығымыз­ға сызат түсірмесек, барлығы да жақсы болады. Пандемия уақытша нәрсе, ертең кетеді. Мен бұған сенемін», – деп түйіндеді сөзін Артем Артемьев.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.