Қазаққа жақын жұрт

№1 «Ертегі» балалар бақшасының аспазы Азизова Телихан Магомедовнаның айтуынша, қазақтар мен дағыстандықтардың арасында ұқсастықтар көп. Өзі ұлты – лезгин болса да Дағыстанда туып-өскен ол қазақтарды осы елдің салт-дәстүрімен салыстырып отырады екен.

– Айталық, кейбір түркітілдес халықтар үшін ер адамның базарда сауда жасауы, үйде тағам әзірлеуі еш әбестігі жоқ, кәдімгі жайт саналса, кейбір Кавказ халықтары үшін де солай. Базарда тұрған кавказдық ер адамдарға бала кезден көздеріңіз үйренген. Ал қазақта ер-азаматтар, қазір болмаса, бұрын бірдеңе сатпақ түгіл, дүкен аралауға да шықпаушы еді ғой? Кавказдықтар арасында дағыстандықтар да тап осындай: бізде де ер адамның базарда тұрып сауда істеуі, отбасында қазан-аяққа, үй-ішінің ұсақ-түйек мәселелеріне араласуы әбестік саналатын. Ұлы Далада қонақжайлық қаншалықты жоғары бағаланса, Дағыстанда да солай, – дейді ол.
Сондай-ақ, күнделікті тұрмыс­тағы ырым-тыйымдар жағынан да ұқсастықтар бар екен.

– Екі халықтың арасында ұқсас­тық көп. Үйлену тойы, шілдехана, бесіктойлар да ұқсас. Тіпті, ырым, тиымдарымыз да бірдей. Мысалы, қазақтың ата-әжелері кішкентай балаларға: «Адамнан айналма!» — деп ескертіп жатпай ма? Бала кезімізде ойнап жүргенімізде, дағыстандық әжелер де адамнан айнала жүгіруге рұқсат бермейтін, — дейді Телихан Магомедовна.

Телихан Азизованың айтуынша, Дағыстанда отыздан астам ұлттың өкілдері тұрады екен. Және ол ұлттардың көпшілігі – сол жердің байырғы халқы.

– Көрші Ресей мемлекетінде Дағыстан – жергілікті халқы ондаған ұлттан құралған бірден-бір республика. Жалпы, ондай құбылыс әлемде сирек. Дағыстанда даргиндер, аварлар, адыгейлер, ноғайлар, құмықтар, лезгиндер және басқа да халықтар ғасырлар бойы бірге өмір сүріп келеді. Мен өзім – лезгинмін. Курах ауданының Икра селосында бірыңғай лезгиндер тұрады, – дейді Телихан.

Әртүрлі тілде сөйлейтін сонша ұлттар алақандай ғана жерде ғасырлар бойы қалай сыйысып өмір сүрген? Кейіпкеріміз мұның сыры дағыстандық әр халықтың өз көсемін, ақсақалдарын шексіз сыйлайтындығында деп есептейді:

– Біздің халықтар өз көсемдерін қатты қадірлейді. Өз кезегінде көсемдер де қатар отырған халықтар арасында алауыздықтың, өшпенділіктің туындауына жол бермеуді өздерінің міндеті санаған. Қасиетті міндет деп білген, – дейді ол.

Телихан Азизова Қазақстанға сексенінші жылдардың басында келген екен. Сәтбаев қаласындағы №16 кәсіптік училищеде аспаздық мамандық алып шығыпты. Еңбек жолын балалар бақшасында аспаз болып бастаған. Күні бүгінге дейін осы салада тер төгіп жүр. Бүгінде №1 «Ертегі» балалар бақшасында аспаз.

– Қырық жылдан астам осы Қазақстанды мекендеп келеміз. Қазақтармен туыстай болып араласып кеттік. Әне бір жылы үй жаңғыртпақшы болдық. Көршілеріміз жібермей қалды. Бір-бірімізге бауыр басып қалған екенбіз. Күйеуім де көшу райынан тез қайтты. Біз әрдайым бір-бірімізбен хабарласамыз, қуаныш-қиындықта бірге болуға тырысамыз. Өз балаларымызды: «Қазақстан – біздің Отанымыз. Айналаны шашпаңдар, қайта бір тал ағаш, гүл егіп болса да, осы даланы көріктендіруді ойлаңдар. Қазақ халқына деген сыйластықтарың көзбояушылық болмасын, шынайы болсын» деп тәрбиелейміз. Содан да шығар, балаларымыз өздерінің тарихи отандарынан гөрі Қазақстанда болғанды қалады. Қазір ұлым Азиз осы қалада, кенші. Қызым Файзат тұрмысқа шығып, Алматыға кеткен. Сол жақта тұрып жатыр. Қазақтардың арасынан кеткілері жоқ. Біз негізі қазаққа жақын жұртпыз ғой, – дейді Телихан Азизова.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.