«Кәріс пен қазақта ұқсастық көп»

«Қазақ халқын ерекше құрметтеймін. Жалпы, кәрістердің қазақ халқына айтар алғысы мол», — дейді кәріс жігіті Виктор Ни. Кейіпкеріміз қазір Сәтбаев қаласында жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының бас энергетигі болып қызмет етеді.

Виктор Терентьевич қазақ халқы мен кәріс халқының ұқсас екенін айтады. Түр кескіні ғана емес, ұлттық болмыста да ұқсастықтар бар. Әсіресе, үлкендерге құрмет көрсетіп, ықылас білдіруі, сондай-ақ, жерге отырып тамақтануы – екі халыққа да тән. Сонымен бірге, салт-дәстүрде де ұқсастық бар екен. Сәби қаз тұрғаннан кейін тезірек жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып кәрістерде де бар.

– Қазақтарда бұл салт-дәстүр – «тұсау кесу» деп аталады. Ал бізде бала 1 жасқа толғанда жасалатын рәсімді – «Дол» дейді. Кәрістер қаз тұрған баланың алдына кітап пен қарындаш, ақша, ақ жіп қояды. Бала қайсысын таңдайды, соған қарап болашағын болжайды. Кітап пен қарындаш – ғалым болсын, ақша – мықты кәсіпкер болсын, ақ жіп – ұзақ ғұмыр сүрсін деген ізгі ниетпен қойылады. Бірақ, қазақтардағыдай тұсау кесу рәсімі жасалмайды.

Сондай-ақ, сәбиді қырқынан шығару деген ғұрыпқа ұқсас рәсім бізде де бар. Кәрістерде бала дүниеге келген бастапқы күндерді өтпелі кезең – қауіпті, қатерлі санайды. Айырмасы, кәрістерде сәби 21 күннен кейін «қырқынан» шығарылады, – дейді кейіпкеріміз.
Десе де, қазақ халқының қонақжайлылығына, пейілінің кеңдігіне, барлық жиған-тергенін баласының бір қуанышы үшін шашатын жомарттығына тең келетін ел жоқ екенін де жасырмайды.

– Бізді бір танысымыз үйлену тойына шақырды. Шақыру билетінде тойдың басталуы – кешкі сағат 18.00 деп көрсетілген. Сол уақытта тойға бардық. Қонақтар мүлде жоқ. «Той аяқталып қалған ба?» деп таңғалдым. Аяқталмақ түгілі, басталмапты. Той иесінің туысқаны: «Бізде солай» деді. «Сонда қалай?» деп мен әлі түсіне алар емеспін. «Билетте кешкі сағат 18.00 деп тұр ғой» деймін. Әлгі кісі тағы да: «Бізде солай» деді. Содан той басталып, дастарқанға қонақтардың бәрі жиналғанша 3 сағатқа жуық уақыт өтті!

Кәрістерде қандай шара болса да белгіленген уақытта басталады. Үйлену тойы ұзақ дегенде 2 сағатқа созылуы мүмкін. Негізі, 1 сағатта аяқталады. Өйткені, кәрістер уақытты қатты бағалайды, уақыт – қымбат. Халық өзінің біліміне сенеді. Сол себепті, кәрістер ілім-білім үйренуге, ізденуге, ғылымды игеруге баса маңыз береді. Дегенмен, үйлену тойының бізде де ұзағырақ болғаны, той дастарқанының тез жиналмауы, ақ ниетпен келген жұрттың тойдан тезірек тарқамауы дұрыс болар еді деп ойлаймын, – дейді Виктор Ни.

Ол Сәтбаев қаласының сәулеті жыл сайын абаттанып, гүлденіп келе жатқанына сүйсінеді. Бұдан он жыл бұрынғы қаламен қазіргі шаһардың сәулеттік келбеті мүлде басқа екенін айтады.

– 1987 жылы мектеп бітіргеннен кейін білім қуып Украинада, Ресейдің Омск қаласында болдым. Бәрібір Қазақстандағыдай болмады. Туып-өскен жерге оралдым. ПЭС-те қызмет еттім. Қазір осы мекемеде еңбек етіп жатырмын. Қазақ халқы секілді кәрістер де бейбіт сүйгіш халық. Татулығымыз, ынтымағымыз арта берсін, – деп әңгімесін аяқтады кейіпкеріміз.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.