Береке басы – татулық

Жыл сайын сәтбаевтықтар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін ерекше атап өтеді. Ал, бұл істің басында қаламыздағы 7 этно-мәдени бірлестік тұр. Мұның сыртында Сәтбаев қаласында тату-тәтті, өзара ынтымақта өмір сүріп жатқан 16 ұлттың өкілі де осы мерейлі мерекенің ойдағыдай өтуіне мұрындық болып жүр.

Десек те, еліміздегі пандемия жағдайына байланысты соңғы екі жылдан бері көптеген іс-шаралар онлайн форматта өткізілетін болғандықтан, олардың ауқымы ықшамдалып тұр. Соның салдарынан 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күнін атап өту де шеңберін тарылтты. Бұрын шерулетіп өтетін мереке бүгінде шағын онлайн кездесулермен шектелді. Соған қарамастан қаламыздағы Қазақстан халқының қоғамдық, рухани және келісім орталығы үлкен істерге мұрындық болып отыр. Атап айтқанда, «30 игі іс» акциясы аясында 15 отбасына азық-түлік себетін беру қайырымдылық шарасы, «Өнеріміз саған, Қазақстан!» деп аталатын этникалық топтардың фестивалі, Этно-мәдени бірлестіктердің онлайн құттықтау видеоциклы, Аналар кеңесі, медиация, қоғамдық келісім кеңесі мүшелерімен кездесулер өткізу жоспарлануда. Мұның сыртында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен орталықтандырылған кітапхана ұжымының ұйымдастырумен «Бірлігіміз жарасқан» онлайн-концерті, «Бір шаңырақ астында» атауымен түрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен кездесу сағаты, «Би сиқыры» онлайн фестивалі, қалалық білім бөлімінің мұрындық болуымен «Өнегелі өмір» жобасы аясында онлайн-кездесулер, спорт және денешынықтыру бөлімінің күшімен түрлі спорттық жарыстар мен қызықты ойындар да осы ұлық мерекеге орайластырылып өткізілетін болады.

Мереке қарсаңында қала әкімі қаламыздағы түрлі этностардың белсенді өкілдерімен кездесуді де жоспарлап отыр.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттауда да этно-мәдени бірлестіктің өкілдері өте белсенді жұмыс жасап жатыр. Атап айтсақ, олар латын әліпбиіне көшу мәселесіне ерекше атсалысып, өздерінің қолдауларын білдірді. Бұл мақсатта орталықта диктант жазу, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Биылдың өзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысты үш дөңгелек үстел өткізілді. Оның тақырыптары да өзекті болды. Оның бірі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылған «Архив» тақырыбын қамтыса, екінші дөңгелек үстел Наурыз мерекесінің «Тарих» күніне орайластырды. Онда қатысушылар «Ұлы жұт» зобалаңының ақтаңдақтарын әңгіме етті.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстар ауқымды. Соның бірі – Қазақстанның «киелі жерлер географиясы» жобасы. Осы жоба бойынша орталықтағы өзге ұлт өкілдері Ұлытау, Түркістан өңірлеріне, Теректі әулие кешеніне барып, бабалардың рухына тағзым етіп қайтты. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын табатын болады.

Міне, осы істердің бәріне қаламыздағы достық үйінің белсенділері ұйытқы болуда. Жалпы достық үйі – бұл бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы. 2017 жылы ашылған Достық үйі осы жылдар ішінде байсалды жолдан өтіп, байыпты тәжірибе жинақтады. Ол еліміздегі этносаралық қарым-қатынасты дамытудың іргелі институтына, татулық пен сыйластықтың берекелі берекетіне айналды.

Осы тұста айта кету керек, тәуелсіздік алған жылдарда елімізде ұлтаралық келісім деген түсінік пайда болды. Қазір бұл түсініктің орнына қоғамдық келісім деген ұғым қалыптасты. Мұның барлығы қазақ халқының жайлылығы, бауырмалдығы, кеңпейілділігі мен сабырлылығының арқасында деп ойлаймын. Бүгінгі күннің басты құндылығы – татулық пен ауызбіршілік. Оны өмірдің өзі көрсетіп отыр. Қоғамдық келісім, бейбітшілік, бірлік үштігі – бұл тұрақтылықтың кепілі. Осы тұрақтылықтың арқасында еліміз дамып, өркендеп жатыр.

Абай Ораз,
қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі.

Комментарии закрыты.