Бірқатар кемшіліктер анықталды

Жыл сайын көктем мен күз мезгілінде елді мекендерді тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргізілетіні белгілі. Бұған қомақты қаржы да қаралады. Сол ақша орнына жұмсала ма? Бұл сұрақ Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаттарын да ойландырған сыңайлы.

Сейсенбі күні қаланың депутаттар корпусы осы мәселені өздері саралауды ниет етті. «Сәтбаев қаласын санитарлық тазалауға және абаттандыруға бөлінген бюджет қаражатын тиімді жұмсауға бақылау жүргізу туралы» мәселені қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының қарауына әзірлеу аясында олар рейд ұйымдастырды.

Шара алдында мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук шағын жиын өткізді. Оған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомокөлік жолдары бөлімі мен мердігер ұйымдар өкілдерін шақырды. Жиында бүгінгі күнге дейін жасалған жұмыстар жайлы қысқаша есептер тыңдалды.

Бұдан соң халық қалаулылары сөз бен істің арасында қаншалықты айырмашылық бар екенін сараптау үшін қаланың саябақтарын, алаңдарын, саяжолдарын аралап, санитариялық тазалау және абаттандыру жағдайын көзбен көрді. Рейдтік іс-шара барысында депутаттар бірқатар кемшіліктерді анықтады. Алдағы уақытта тұрақты комиссиялар отырысында осы олқылықтарды жою жөнінде ұсынымдар әзірленетін болады.

Өз тілшіміз.

Комментарии закрыты.