Жауынгерлер серіктерін еске алды

1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласында атом электр стансасы жарылды. Ірі техногендік апат қоршаған ортаға зор қауіп төндіріп, адамзат өміріне айтарлықтай теріс әсерін тигізді. Радиоактивті түтін аймақтан асып 10-нан аса мемлекеттің жерін ластады. Апаттың салдарынан 5 миллион халық зардап шекті. Биыл сол апаттың орын алғанына тура 35 жыл толып отыр.

Аталған апаттың зардабын жоюға сол кездері Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жүз мыңдаған сарбаз қатысты. Оның ішінде химиялық қорғау полкі құрамында біздің елімізден 32 мың азамат болды. Солардың арасында біздің қаламыздан да сарбаздар аттанып, апатты ауыздықтауға айтарлықтай үлес қосты.

Аптаның басында Чернобыль апатының бір топ ардагер «Тағзым» мемориалдық кешеніндегі ескерткішке гүл шоқтарын қойып, елімізден аттанған ерлігі өшпес жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, азаматтық борышын өтеген Чернобыль ардагерлері ұрпақ жадынан ұмытылмақ емес. Бейбіт заманның қаһармандары қашанда құрметке лайық.

Шағын салтататты шарадан соң ардагерлер қалалық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен, Б.Балқыбайұлы және С.Ошақұлы атындағы мешіттердің еріктілерінің қолдауымен «Таза табиғат» ұлттық жобасы шеңберінде «Бірге Таза Қазақстан» акциясын өткізілді. Аталған іс-шараға 10-нан аса апатты ауыздықтауға атсалысқан ардагерлеріміз қатысты.

Акция барысында аға буынның естен кетпес ерліктерінің құрметіне, Чернобыль апатының 35 жылдық тарихын тану мақсатында 35 көшет отырғызылды. Көшелі іс кезінде ардагерлер еріктілерге апат кезіндегі көрсеткен ерлікке парапар істері туралы әңгімеледі.

Өз тілшіміз.

Комментарии закрыты.