«ДАРАБОЗ» жаңа маусымын бастады

Сәтбаев қаласы әкімі Асқар Ыдырысовтың қолдауымен, қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен 2020 жылы жергілікті «Ақшам» телеарнасы арқылы «ДАРАБОЗ» зияткерлік сайысы көрермендерге жол тартқан болатын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде өмірге келген бұл сайыстың былтырғы басты тақырыбы қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы болған еді.

Қала жастарын қолдау мақсатында өмірге келген аталмыш сайыстың басты мақсаты зияткерлік ойын арқылы жастардың ой-өрісін кеңейту. Ойлау, қиялдау, есте сақтау қабілеттерін дамыту. Зияткерлік сайыстың мазмұны мен тақырыбы ай сайын белгілі бір тұлғаның мерейтойына немесе тарихи даталарға арналып отырады. 2021 жылдың 23 жұлдызында жобаның жаңа маусымы бастау алып, онда әр салада қызмет атқаратын 5 қатысушы бақ сынады.

Орайы келгенде айта кетейік, биылғы жоба ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр. Және жоба былтыр қалалық деңгейде өтсе, биыл аймақ бойынша мықтыны анықтайтын болады. Мақсаты 18-30 жас аралығындағы жастардың білімі мен білігін саралау, жаңа есімдердің шығуына ықпал жасау, ынталандыру.

Биылғы маусымға аймақ бойынша 25 жас өтініш білдірді. Қ.Сәтбаев, Қ.Аманжоловтың 110 жылдығы, М.Мақатаевтың 90 жылдығы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тақырыбында 4 түсірілім өтеді. Әр ойынға 6 адам қатысады. Ойын «Тізгін қағар», «Желдірме», «Бәйге» деп аталатын үш айналымнан тұрады. Жоба авторы һәм жүргізушісі – Абай Ораз.

Жаз маусымының орта кезінде ақтық сайыс өтіп, жеңімпаздар марапатталады. Зияткерлік сайыстың толық нұсқасы «Ақшам» телеарнасынан көрсетілетін болады.

Алтынгүл Төлегенова.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.