Грант арқылы кәсібін дөңгелетті

Елімізде шағын және орта бизнесті жандандыруға бағытталған бірқатар бағдарламалар бар. Солардың бірі жыл сайын жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсететін әкім гранты.

2020 жылы аталмыш грант аясында 6 млн. теңге бөлініп, шаһардың 9 жас кәсіпкерлері осы қаражатты алуға мүмкіндік алған болатын. Бүгінде олар түрлі бағыттағы кәсіптерін жалғастыруда. Солардың бірі Айдана Ашенова. Бала кезінен сурет салуға жаны құмар Айдана есейе келе түрлі техникаларда сурет салып, хоббиын шыңдау үшін Нұр-Сұлтан каласында өткізілген шеберлік сыныптарына да бірнеше рет қатысқан.

Міне, сол бала күнгі арманын орындау мақсатында Айдана байқауға өз жобасын ұсынып, нәтижесінде 300 000 теңге әкім грантын иеленді.

– Өткен жылы әкім грантына қатысып, өз жобамды ұсындым. Комиссия мүшелері жобамды қолдап, грантқа ие болдым. Өзімнің арт-студиямды аштым. Қазір мұнда 20-ға жуық бала білім алып жатыр. Яғни сурет салумен айналысамыз. Студияда кіші және жоғары топ құрылған. Кіші топқа 5 жастан, ал жоғары топқа 10 жастан жоғары балаларды қабылдаймын. Осындай шағын кәсібімізбен Сәтбаев қаласының шығармашылық бағытының дамуына өзіндік үлесімізді қосамыз деп ойлаймын. Мүмкіндікті пайдалана отыра қала әкіміне алғыс айтқым келеді. Себебі осындай таптырмас мүмкіндіктер жастардың шыңдалуына септігін тигізеді. Алдағы уақытта осы бағыттағы кәсібімді кеңейту үшін тағы да әкім грантына қатысатын боламын, – дейді «April» арт-студиясының жетекшісі, жас кәсіпкер Айдана Ашенова.

«April» деп аталған арт студия ағымдағы жылдың ақпан айында ашылып, өз жұмысын бастаған. Бүгінде топқа қабылданған балаларға жаңа техникалармен сурет салу әдістерін Айдана өзі үйретеді. Болашақта кәсібін кеңейту үшін биыл да әкім грантының байқауына қатысып көрмек. Айта кетейік, 2021 жылы әкім грантына 20 млн. қаражат бөлінбек. Бұл, әрине, шаһар жастарының кәсібін дөңгелетуге берілген мол мүмкіндік болмақ. Оны орнықты жүзеге асыру үшін талмай ізденіп, аянбай еңбек ету керек.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.