Өткенді бағалау һәм болашаққа көзқарас…

Биыл Сәтбаев қаласының мемлекеттік архивіне 30 жыл толмақ. Айтулы датаға орай «Ғасыр соңындағы архивтер: өткен жолды бағалау және болашаққа көзқарас» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Достық үйінің қабырғасында өткен шараға арнайы Қарағанды облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев және Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина, сондай-ақ архивтің бұрынғы басшылары мен ардагерлері, жергілікті ақын-жазушылар қатысты.

Алғашқы құттықтау сөзін алған Ерлан Нелдібаев басқарма басшысының құттықтау хатын оқып, мереке аясында Сәтбаев қаласы мемлекеттік архивінің қызметкерлерін марапаттады.

Одан әрі сөз кезегін алған Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Қосманқызы барша жиналған қауымды архивтің мерейлі 30 жылдығымен құттықтап, архив басшысы Гүлнара Байгазиеваға шаһар басшысы Асқар Ыдырысовтың және мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчуктың құттықтау хаттарын табыстады.

Айгүл Төлендина өз кезегінде «Орамал тон болмайды, жол болады» дегенді ескеріп, дөңгелек үстелге облыстан арнайы келген Қарағанды облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаевқа Қаныш Сәтбаевтың туған күніне арнайы шығарылған «Жүректерде жанған жұлдыз» атты кітапты естелік сый ретінде тарту етті.

Басқосуда бұдан бөлек 30 жылда жеткен жетістіктермен атқарған жұмыстарға шолу жасалды.

Айта кетейік, Сәтбаев қаласы халық депутаттары Кеңесі мен атқару комитетінің 1991 жылғы 17 қаңтардағы № 2/18 шешімімен Сәтбаев қаласында архив жеке құрам, шаруашылық есеп бөлімшесі ашылды. Мұнда 20-шы ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап құжаттар сақталған. Сәтбаев қаласының мемлекеттік архивінің мемлекеттік қорында 1993 жылы 51 қор, 2175 сақтау бірлігі болса, бүгінгі күнде 187 қор, 71675 сақтау бірлігі бар. Сәтбаев қаласының мемлекеттік архиві ҚР «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» 1998 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру аясында архив ісін дамыту бағдарламасы бойынша алға қойылған мақсаттар мен тапсырмаларды орындау бағытында өз жұмысын жалғастырып келеді.

Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында еліміздің тарихын одан әрі зерттеу және мұрағат саласын кешенді дамыту мақсатында «Архив – 2025» жобасын ұсынды. 30 жылдық тарихы бар Сәтбаев қалалық мемлекеттік мұрағаты осы жобаны жүзеге асыруға белсене кіріскен. Қазір мұнда Қазақстан Республикасында архив ісін реттейтін заң актілері шеңберінде мынадай үш бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның бірі мекемелердегі құжаттардың толықтығын сақтау болса, екіншісі сақталуын қамтамасыз ету, үшіншісі оларды іріктеп мемлекеттік сақтауға қабылдау және мемлекет игілігіне пайдалану.

Сонымен қатар, архивистер –архив қорын жеке адамдардың құжаттарымен толықтыруда. Бұл мәселеде Сәтбаев қаласының мемлекеттік архивінде 2002 жылдан бастап үлкен істер атқарылып келеді. Қазіргі таңда жеке текті құжаттардың 4 қоры – «Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен еңбек ардагерлері», «Сәтбаев қаласының құрметті азаматы», «Жауынгер-интернационалист» және «Еңбек сіңірген кенші» құжаттарының топтамалары, оның ішінде 35 қор иегерлерінің құжаттары жалпы 900-ге жуық сақтау бірлігі бар.

Ендігі мақсат – архивтегі мәліметтерді цифрландырып, көптеген жоспарларды жүзеге асыру. «Архив – 2025» бағдарламасының бір бағыты жиналған деректі құжаттарды цифрлық форматқа көшіріп, барлық мүдделі зерттеушілер мен жұртшылықтың ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз ету. Мемлекеттік архивтер «Электрондық архив» мәліметтер базасын әзірлеп, ең алдымен, ғылыми-анықтамалық ақпаратты цифрлық форматқа көшірді. Цифрлық Қазақстан – бұл цифрлық технологияларды қолдану арқылы әрбір азаматтың тұрмыс деңгейін арттыруды көздейтін кешенді бағдарлама. Яғни, әрбір азаматтың керекті құжатқа қол жеткізуіне мүмкіндік еселене түседі. 2020 жылдың тамыз айынан бастап «Бірыңғай электронды архив» бағдарламасы бойынша 246 құжат, сондай-ақ 17 425 парақ
сканерленді.

Барлық мекемелер қазір қарапайым халыққа электронды түрде көмек көрсетеді. Заман талабы солай. Электронды жүйені қалыптастыру үшін де, мемлекет үшін де өте тиімді. Егер осы жүйе толығымен орнықса, адамдар үйінде отырып-ақ керек дерегін ала алады, қажетті құжаттарымен интернет жүйесі арқылы таныса алады. Ол дегеніміз адам уақытын үнемдеудің ең қолайлы жолы. Архив құжаттарын цифрландыру елімізді өркендетудің жолы болмақ. Дөңгелек үстелде өткенді бағалау мен осындай келешектің ісі де кеңінен сөз болды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.