Әйелдерге қатысты гендерлік мәселелер

Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «Заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп атап өткен болатын.

Өскелең ұрпақ бойында жат ұғымдарға қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыру, отбасы құндылықтарын, Қазақстан халқының озық дәстүрлерін дәріптеу – маңызды бағыт. Бұл істің нәтижелі болуы мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың өзара тиімді іс-қимылына байланысты. Осы ретте қаламызда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күресу жөніндегі жүргізіліп жатқан жұмыстар жетерлік. Оқу орындарында зорлық-зомбылық мәселелерін жою жөніндегі ақпараттық-насихаттау жұмысын жүргізу, БАҚ арқылы зорлық-зомбылықсыз қоғамды насихаттау әрдайым біздің назарымызда. Қаламызда әйелдердің көшбасшылық мектебі тұрақты жұмыс істеп келеді. Әйелдерге қатысты құқықбұзушылық фактілері жиі орын алып жатады. Отбасындағы ұрыс-жанжал, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген қызғаныш сезімі осыған басты себеп болуда. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің басым көпшілігінің қолы бос, жұмыс істемейтіндігі анықталуда. Әйелдерге қатысты құқықбұзушылық пен қылмыстардың, отбасы тұрмыстық саласындағы зорлық-зомбылық пен адам саудасының алдын алу үшін «Отбасында жанжал шығаратындар», «маскүнем» санаты бойынша профилактикалық есепте тұрған тұлғалармен тұрғылықты жері бойынша профилактикалық әңгіме өткізіледі. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа бейім адамдармен жеке профилактикалық жұмыс атқаруға бағытталған жүйені қалыптастыру мақсатында «Зорлық-зомбылықсыз үй» атты акция ұйымдастырылады. Акцияға қатысуға жергілікті атқарушы, прокуратура, білім беру, денсаулық сақтау органдарының, сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП филиалдарының өкілдері тартылады. Есепте тұрған және қорғау нұсқамасы шығарылғандар тұрғылықты жері бойынша тексеріліп, профилактикалық әңгімелесулер жүргізіледі.

Қадағалауды талап ететін оқушылар, жайсыз отбасындағы балалардың тізімі бекітіліп, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың және қатыгез қараудың алдын алу мақсатында әр мектеп ұжымында тәрбие ісінің меңгерушілері, психолог, әлеуметтік педагогтардан топтар құрылған. Барлық білім мекемелерінде кәмелеттік жасқа толмаған балалардың қызығушылығын және заңды құқықтарын қорғау сұрақтары бойынша «Сенім телефоны» және «Сенім жәшігі» жұмыс істейді. Балалар немесе ата-аналар тарапынан түскен сұрақтар мен шағымдарды, өтініштерді қарайтын арнайы топ белгіленген. Алдағы уақытта адам саудасы және зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған бейнероликтер, әлеуметтік жарнамалар дайындалып, жергілікті БАҚ-да жариялана бермек. Қоғамда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, гендерлік теңдікті және отбасын нығайтуды халық арасында кеңінен насихаттау жөнінде жұмыстар жалғаса бермек.

Ерлан Сексенов,
Сәтбаев қалалық сотының төрағасы міндетін атқарушы.

Комментарии закрыты.