Ерекше тапсырма

Сталиннен 10 рет «Алғыс хат» алған даңқты жерлесіміз Қожа Қалиевтың рухына арнаймын.
Автор.

1944 жыл. Майдан батысқа қарай дендеп ойыса бастаған шақ. Айбынды Қызыл Армия Балтық жағалауы елдерін жау тырнағынан азат ету үшін шабуылды ұрыстар жүргізіп жатты. Маңдайдан тиген соққы фашистерді ашындыра түскен. Кешегі өздері оп-оңай басып алған қала, деревняларын оңайлықпен бергісі де жоқ. Әскерін, танк, зөңбіректерін үсті-үстіне топтап, ышқына қарсылық көрсетуде. Сондай бір қантөгіс шайқас Шауляй қаласының түбінде өтуде.

Жан-жағы терең орлы және орманды болып келетін Шауляй қаласы фашистер үшін нағыз стратегиялық орталық сияқты. Қалаға кіретін бірақ жол бар. Ал, өзге жақтарын табиғат ананың өзі-ақ алынбас қамалдай қылып орлармен, орманмен қоршап тастаған.

Қаланы азат ету мақсатындағы шабуыл, міне, бүгін екінші күн сәтсіз аяқталып отыр. Жан-жағы көп жерге дейін көрінетін, тіпті, Совет әскерлерінің тылында не болып жатқанын стереотруба арқылы ап-айқын бақылай алатын, күндіз қосымша күш келуге мүмкіндік бермей, артиллерия мен алты оқпанды минометтен атқылап, қарсы жақты қыбыр өткізбейтін бұл биік төбе Совет жауынгерлері үшін көзге шыққан сүйелдей болды.

Қаланы тікелей шабуыл арқылы басып алмақ болып екі күннен бері қатарынан үш-төрт рет әрекет жасап көрді. Бірақ, бәрі де сәтсіз аяқталды. Тіпті, адам шығыны да аз болған жоқ. Өйткені, биік төбеге жақсылап тұрып жайғасып алған фашистер күндіз Совет әскерінің қыбыр еткен жанын, бұрқ еткен топырағын, гүр еткен техникасын көз қырынан қағыс қалдырмай қадағалап, бас көтөртпейді.

Командование тікелей шабуылды бастар алдында мықтап тұрып артиллериялық дайындық жасап, «катюшадан» да бастырмалатып атып барып шабуылға шықса да, жаудың бар қаруы ажал оғын құсып, ешкімнің басын көтерткізбей қойды.

Осындай бір сәтсіз шабуыл әлгінде ғана аяқталып, жауынгерлер тынығуға отырған кез еді. Кенет, «Барлық деңгейдегі командирлер далалық штабқа жиналыңдар» деген хабар таралды. Өз расчетының қасында зеңбірегін тазалап түрған Қожа Қалиев та хабарды естісімен штабқа қарай тұра жүгірді.

Барлығы жиналып болған кезде дивизия командирі сөз бастады.

– Жолдас командирлер, көріп отырсыздар, жағдай өте күрделі. Екі күннен бері қаланы азат ете алмай отырмыз. Мұнымызды жоғары жақтағылар құптамасы анық. Сондықтан жедел бір шешімін жасауымыз керек. Кәне, кімде қандай ұсыныс бар?…

Жұрт сілтідей тына қалған. Екі күннен бері қыбыр еткенді қалт жібермей отырған жаудан қалай айла асырарын білмей дал болған сыңайлы. Осы кезде артиллеристер полкінің командирі, орта жастан асқан полковник баяу орнынан түрды. Жұрттың назары соған ауа қалған. «Не айтар екен?» деген қызығушылық та бар.

– Жолдас генерал, мүмкін жау тылына арнайы топ жіберіп, желке тұсынан тиісерміз. Жау назары екіге бөлінсе алу да оңайға түседі ғой.
Дивизия командирі сәл үнсіз отырып барып:

– Жаман ой емес. Ал жоспарыңыз қандай? Қандай топ барады? – деп полковникке сұрақты қарша боратты.

– Әрине, үлкен топ жіберуге орман мен орлы жер қолайсыз. Жүріп жеткенше уақыт көп кетеді. Сондықтан, бір-екі зеңбірек расчетын жіберсек болар еді…

Полк командирінің ұсынысы Қожаға ұнай кетті. Тек екі расчет дегені артықтау сияқты. Соншама жер екі зеңбіректі сүйреп жеткізу де оңай емес қой. Оның есесіне…

Қожа өз ойын не болса да командирлер талқысына салып көруге бел байлады. Сөйтті де:

– Жолдас генерал, баяндауға рұқсат етіңіз, – деді орнынан қалшиып тұра қалып.

Офицерлер мұндайды күтпесе керек, бір сәт аңтарылып қалды. Тек генерал ғана жауынгердің жүректілігіне риза болып:

– Баяндаңыз, – деді жылы шыраймен.

Қожа әскери тәртіппен төрде ілулі түрған майдан картасының жанына таяп келді де:

– 170-шІ танкіге қарсы истребительдік артиллериялық полктің расчет командирі, гвардия старшинасы Қожа Қалиев, баяндауға рүқсат етіңіз, жолдас генерал, – деді тақ-тақ етіп.

– Сізді мұқият тыңдап тұрмыз, – деді генерал да жымиып.
Осы бір азғана жылылық Қожаның бойына қуат бергендей, еркін, шешіле сөйлей жөнелді.

– Әлгіндегі полк командирінің ұсынысын мен де қолдаймын, тек екі расчеттың орнына бір расчет жетер еді. Егер рұқсат етсеңіздер осы тапсырманы орындауды мен мойныма алар едім. Тек…

– Тоқтамаңыз, баяндай беріңіз гвардия старшинасы. Қандай ойыңыз бар.

– Мен бұл тапсырманы орындауға өз расчетым мен бір жаяу әскерлерге қарсы қолданылатын миномет пен бір қол пулеметын, бір танкіге қарсы қолданылатын қару болса деп едім. Сосын байланыс үшін рацияның орнына телефон болса дұрыс болар еді. Өйткені, рация толқынын немістер біліп қойса операция күйрейді. Сол үшін арнайы желісі бар телефон мұндайда ең қолайлысы болмақ.

– Жақсы, ал жау тылына қалай өтпексіз.

Қожаның ұсынысы дивизия командиріне ұнаған болса керек, оның жүзеге асырылуын да егжей-тегжей сүрай бастады.

Қожа картаға таяп келді де өз ойын түсіндіре бастады.

– Қаланың оңтүстігін қоршаған орман біздің ойымызды іске асыруға өте қолайлы. Бұл маңда орлар да онша көп емес. Жеңіл зеңбіректі зырлатып алып өтуге болады. Оның үстіне қаланың ту сыртында шағын тоғай бар. Бұл бізге қалаға мейлінше жақын келуге мүмкіндік береді. Осы тоғайдың шетіне өз тобымды орналастырамын да сіздерге хабар беремін. Бұл жақта сіздер артиллериямен төмпештеген кезде біз тылдан оқ жаудырамыз. Екі оттың ортасына түскен жау өздерін қоршауда қалған екенбіз деп берекесі кетуі мүмкін. Тағы бір айтайын дегенім, біздің топ аттанып көтісімен жаудың назарын бөлу үшін бұл жақтан аңда-саңда шабуылға шығып қойып отырса…

Тылсым тыныштық орнай қалған. Отырғандар қыбыр етсейші. Қожаның жауырын ортасы төрлөп қоя берді. Ойымды толық жөткізе алмадым ба деген күдігі де жоқ емес. Картадан көз алмаған күйі папиросын құшарлана сорып, қою түтінді будақтатып тұрған генерал да үнсіз. Әлден уақытта барып:

– Несі бар, жоспар маған ұнайды. Кімде қандай пікір бар? – деді генерал жиналғандарға қарап. Бәрі де осы ұйғарымға бірауыздан келісіп, енді жау тылына аттанатын топты жасақтауға кірісті.

…Таң құланиектене жолға шыққан Қожалар тобы әзірге еш кедергісіз, барлық мүмкіндіктерінше жылдам жүріп көледі. Дес бергенде бұл жақ Қожа ойлағаннан да қолайлылау болып шықты. Төбенің жоғарғы тұсы ғана қар, жаңбыр суымен шайылған ор екен де, етекке қарай жіңішке жыраға айналып барып, жазық болып келеді екен. Тоғайдың да арасы жүруге қолайлы. 23 адамнан түратын топ бір адамдай қимылдап, межелі жерге жетуге асығулы. 45 миллиметрлік зеңбіректі ұршықша иіріп келеді.

Қожаның әуелде қорыққан бір нәрсесі – бұлар жүретін жолдар, яғни қала маңы миналанып тасталған шығар деген ой еді. Әбүйір болғанда ондай сезікті ештеңе байқалмайды. Жауынгерлер жан-жақтарына жіті қарап, барынша сақ жүріп келеді. Құдай бетін ары қылсын, егер алда-жалда біреуі абайсызда минаға түсіп қалса болды, көптің еңбегі зая кетті дей бер. Мина жарылса жау сезеді. Жау бірдеңе сезсе болды, іс насырға шабады.

Қожалар ештеңе сездірмеу, байқатпау, аңғартпау шараларын, айлаларын жасап-ақ бағуда. Аз-кем секем алса болғаны фашистер көзінің қарашығындай қорғап түрған қалаға, биік төбегө тірі жанды жолатпайды. Сөйтіп, аса жауапты, аса үлкен стратегиялық тапсырма орындалмай қалады.

Қожа бұл ерекше тапсырманы орындауға қатысатын топтың жауынгерлерін өзі іріктеп алды. Көбі өзінің қанды көйлек достары. Енді біразы талай шайқастарға қатысып, әбден ысылған, сен тұр мен атайын дейтіндей, сайдың тасындай сақа жігіттер. Осындай аптал азаматтардың қаншасын қара жер құшағына алды десеңізші?! Оралда жасақталған батальоннан бүгінде бірен-сараңдары ғана қалған. Көбінің өмірін оқ үзді. Көбі басқа полк, батальондарды толықтыруға кетті. Қожаның өзі бүгінге дейін жорықтың сан жолынан өтті. І-Калининград майданы, ІІ-Украин майданы, І-Прибалтика майданы құрамында кескілескен ұрыстарға қатысты. Жаяу әскер де болды, арнайы шаңғышылар полкінде де соғысты. Енді, міне, артиллерист. Әлі есінде, 1943 жылы арнайы шаңғышы-автоматшылар полкінің құрамында жүріп жау тылына десант болып түскен-ді. Сол жолы да Кеңес елінің бір қаласын жаудан азат еткен еді. Ұрыс аяқталған соң, келесі күні дивизия командирі мұны шақырып алып:

– Жолдас Қалиөв, сіз бүгіннен бастап 1661 артиллөриялық полкқа қызмет етуге барасыз.

Қолыңыздағы шаңғыңыз бен қаруларыңызды рота командиріне табыс етіңіз де, штаб алдында түрған машинаға келіңіз, – деді қысқаша ғана.

Әскери бұйрық талқыланбайды, сөзсіз орындалады. Қожа Қалиев дереу айтылған бұйрықты орындады да, штаб алдындағы машинаға келіп отырды. Сөйтіп, жауынгердің жорық жолдары енді артиллеристермен бірге өтті. Әуелде зеңбіректің наводчигі болған Қожа жауынгерлік тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, жеке зеңбірек расчетының командирі болды. Гвардия старшинасы деген атақ алды. Енді, міне, тағы бір ерекше тапсырманы орындау үшін жау тылына қарай жорық жасап келеді.

Жолайы бес-он минутқа ғана бел жазып тоқтағандары болмаса, суыт жүріп отырған шағын топ күн сәскеден ауа діттеген жерлеріне де жетіп үлгерді. Қаланың ту сыртына шыққан олар, шағын тоғайды паналай отырып, қалаға таяп келді де шеп құра бастады. Дәл ортаға 45 миллиметрлік зеңбіректі қойып, оның оң қапталына қол пулеметын орналастырды. Одан әріде бес-алты автоматшы жатыр. Ал сол жақ қапталда үш-төрт автоматшыдан кейін жаяу әскерлөрге қарсы қолданылатын шағын миномет орналасты.

Осылардың бәрі қас пен көздің арасында орын-орындарына қойылды. Жауынгерлерін тағы бір мәрте бақылап шыққан гвардия старшинасы Қожа Қалиев кейініректе отырған телефоншыға келді де:

– «Орталыққа» хабарла, біз орнымызға жайғастық. Бастасын де, — деді бір түрлі қуанышты кейіпте.

Байланысшы топ жетекшісінің сөзін дәлме-дәл арғы жақтағыларға жеткізді. Арада бірер минут өткенде әуелде гүрілдеп, сосын ысқырыққа айналған дауыс іле гүрсілге Ұласып, айнала астан-кестең болып кетті. Қожа дүрбіден көз алмай, қаладағы жағдайды жіті бақылап жатыр. Қала іші абыр-сабыр. Әрі-бері жүгірген жау солдаттарының берекесі кетіп қалыпты.

«Артподготовка» аяқталған кезде Қожа зеңбірек расчеты мен минометшілерге «От» деп белгі беріп қалды. Енді қаланың ту сыртынан атылған снаряд пен мина қаланың келесі жағынан келіп жарылып жаудың үрейін тіпті ұшыра түсті. Осы кезде Қожа шеткері үйдің маңына келіп тоқтаған жау танкісін байқап қалды. Дереу зеңбірекшілерге:

– Нысана 65, жарылғыш оқпен ат, – деп команда берді. Сөйткенше болған жоқ, танкі келіп бекінген үйдің бір жақ қабырғасы опырылып құлай берді. Минометшілер де қарап жатқан жоқ. Үсті-үстіне минамен төпелеуде.

Қаланың орталау тұсына шыға келген тағы бір танкіні танкіге қарсы ататын мылтықпен жатқан жігіттер жайратып салды. Сөйтіп, екі оттың ортасында қалған фашистер енді бас сауғалауға көшті. Батыс жақтағы орманға қарай бытырай қашқан жендеттерді Қожаның автоматшылары мен қол пулеметі баудай түсіріп жатыр.

Атыс онша ұзаққа барған жоқ. Айналасы бір, біржарым сағаттың ішінде жау Шауляй қаласын тастап, кейін шегінуге мәжбүр болды. Совет жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігінің арқасында туысқан Балтық жағалауы халықтары осылайша біртіндеп жау тырнағынан арашалана бастады…

Екі күн бойы талай боздақты қыршынынан қиған, әбден әлекке салған Шауляй қаласы осылайша жаудан азат етілді. Қаланы жау әскерлерінен толық тазартып болған кезде жауынгерлер де демалуға отырды. Бұл кезде Қожаның тобы да өз достарымен шұрқырасып қосылған еді.

Міне, осы ұрыста көрсеткен ерліктері үшін көптеген Совет жауынгерлері жоғары наградаларға ұсынылды. Сол күні көшкісін дивизия командирі гвардия старшинасы Қожа Қалиевтың қолын қысып түрып:

– Совет Армиясы өзіңдей ұлдарын әрқашан да мақтан ететін болады. Ерлігіңе, еңбегіңе көп рахмет, жауынгер, – деп тебірене тұрып омырауына Қызыл Жұлдыз орденін тақты. Қолына Сталиннің өзі қол қойған «Алғыс хат» табыс етті.

Гвардия старшинасы Қожа Қалиевтің тағы бір жорық жолы осылай өтті.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.