Батырдың ұрпағымын

Жеңіс мерекесіне санаулы күндер қалды. Бұл күні баршамыз Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ардагерлерді құрметтейміз. Ерлігіне бас иеміз. Біздің үйімізде Жеңіс мейрамы ерекше күн. 9 мамыр күні отбасымызбен соғыс ардагері, майданнан батыр болып оралған нағашы атамызды еске аламыз.

Атамның есімі Көшен Құлашев. Ол «За боевые заслуги», «За отвагу» деген жаумен ерлікпен соғысқан солдаттарға ғана берілетін медальдардың иегері. Мен атамды көрген жоқпын, бірақ ол туралы анам Айткүл көп айтады. Ал «ата медальдарды қай жылы алды, қандай ерлігі үшін» деп сұрағанымда жауап бере алмай қалатын. Өйткені, соғыста көп қиындық көріп, ауыр жылдарын еске алғысы келмеген Көшен атам ешкімге ол туралы айтпапты. Өткен жылы «Память» деген сайттан атам туралы көп үй-іші білмеген деректер табылды. Барлығымыз қатты қуандық. Сұрақтарға жауаптар да табылды. Анам әкесі туралы оқып, қуаныштан жылап та алды. Көшен атам рота командирі болыпты. Жай сарбаз емес. Көп адамның өмірі үшін жауап берген. Жауға қарсы шабуылдарды бастаған екен. Сайтта ол №381 атқыштар дивизиясының 1259 атқыштар полкінің 3-ші минометтік ротасының командирі болған деп жазылған. Ол Калининград, Ленинград қалаларын, Балтық жағалауы елдерін азат етуге қатысыпты. «За отвагу» медалі атама 1944 жылы берілген екен. Сайттың құжаттарында ол туралы жазу бар. Онда «Награжден командир расчета 3 минометной роты сержант Кулашев Кушен за то, что в бою у деревни Безобьи Латвийской ССР 6.11.1944г. быстро и четко работал у своего миномета, в результате чего расчет уничтожил 12 немецких солдат и одну пулеметную точку» делінген. «За боевые заслуги» медалін атам 1943 жылы алыпты. Ол туралы да сайттан оқып, білдік. Осиповка деревнясын азат ету кезінде жаумен шайқаста батылдық көрсетіп, фашистерді жойғаны үшін берілген екен. Жаумен шайқасу оңай емес қой. Атамыз екі рет жараланыпты. Екінші алған жарақаты өте ауыр болған соң соғыс аяғына қарай елге оралған. Туған жерге қайтар алдында «Ұлы Отан соғысының I дәрежелі орденімен» марапатталыпты.

Анам атамыздың өмірі қиындықтарға толы болған деп айтады. Әкесінен, анасы Ақжарқыннан ерте айырылыпты. Кәкен апасы және Жақия деген інісімен жалғыз қалған. Жетімдіктің азабын көп көрген. Бірақ, сонда да бауырларынан айырылмай, жалғыз інісін өзі жеткізген. Өзі оқымай, бауырын институтқа түсірген екен. Соғыстан кейін Қарсақбайға келген. Ол кезде оқыған, сауатты мамандар жетпей жатқан көрінеді. Атамды ауылдық кеңес төрағасы қылып сайлаған. Одан кейін ол кісі ұзақ уақыт мыс зауытында жұмыс істеген екен. Әжем Майдамен Қарсақбайда қосылған. Екеуі он бала тәрбиелеп өсірген. Атамыздың өмірден өткеніне ұзақ жыл болды. Бірақ, оның өзі де, ерлігі де ұмытылған жоқ. Ұмытылмасы да анық.

Еркебұлан Мұхат,
Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің 8 «В» сынып оқушысы.

Комментарии закрыты.