Жеңімпаз жауынгер

Жеңіс күні қарсаңында қалалық «Шарайна» газетіне барып, ондағы аға-апайларыма Ұлы Отан соғысына қатысқан атам туралы естелікті ұсындым. Отанымызды абыроймен қорғаған жауынгер туралы ол кісілерге әңгімелеп, айтып бердім. Батыр бабамның өмірбаяны қалам иелерін қызықтырды. Қызыл Армия жауынгері болған атам Жәукімбек Қарабатыровтың әскери өмірінің хронологиясын жасауға біздің қолымызда қалған құжаттар көмектесті.

Атам Жәукімбек 1922 жылы Жезді ауылдық Кеңесінің Қызыл әскер колхозында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келіпті. 9 жылдық білім алған. Мектеп жасынан бастап математикадан мықты болған жас және табанды жігітке есепші ретінде жұмысқа тұру үшін арнайы білім қажет емес еді. Бір жылға жуық Жезқазған кен басқармасында кеніш бухгалтериясында есепші, кейін кеніштің байланыс бөлімшесі бастығының көмекшісі болып жұмыс істеді. Біраз уақыттан кейін қабілетті жас жігітті НКВД еңбекпен түзету лагерінің Жезқазған басқармасына нормалаушы, жоспарлаушы етіп ауыстырды. Осылайша екі жыл ішінде ол бірнеше мамандықты игерді. 1941 жылдың желтоқсанында атам әскер қатарына шақырылып, майданға жіберіледі. Миллиондаған жас жігіттер сияқты қолына қару алып, Отанын қорғауға аттанды. Жас сарбазға ең жауапты және қауіпті лауазымдардың бірі сеніп тапсырылды. Ол байланысшы болып тағайындалды. Кейінірек сарбаздар мен бақылау пункті арасында байланыс жүргізіп, маңызды миссияны абыроймен атқарып щығады. Басшылық, қаруластары оның адалдығына бірнеше рет көз жеткізеді. Майданда ер-азаматтар өмір мен өлімнің ортасында жүрді. Біреулері барлауда өз өмірін қатерге тікті, ал біреу командир ретінде бүкіл дивизияның сарбаздары үшін жауап берді. Жауынгер Қарабатыров осы сұрапыл шақтарда байланыс желісінде болды.

Атам соғыс туралы айтуды ешқашан ұнатпапты. Оның аман-есен елге оралғанының өзі ұрпақтары үшін баға жетпес бақыт еді. 1942 жылы желтоқсанда атам соғысқан жеке миномет дивизиясы
фашистердің аяусыз шабуылына ұшырапты. Ұрыс кезінде ол ауыр жараланады. Ауруханаға емделуге жіберіледі. Қатарға қосыла сала қайтадан майдан даласына оралады. 1943 жылдың тамызында Орша қаласының маңында жаумен кезекті шайқас кезінде тағы бір жарақат алады. Бірақ бұл жолы ауруханаға жатудан бас тартып, кезекті шайқасқа дайындалады. 1944 жылы тамызда Польшадағы Осовец бекінісін азат ету кезінде №837 атқыштар полкінің сержанты Жауқымбек Қарабатыров оң көзінен айырылады. Ауыр жарақаттан емделгеннен кейін, әскери-дәрігерлік комиссия оны әскери қызметке жарамсыз деп таниды.

Атамның ерлігі көзі тірісінде өз бағасын алды. Соғыстағы ерлігі туралы куәландыратын көптеген құжаттар табылмады. Ұлы Отан соғысына арналған іздеу сайттарының біріне Жәукімбек Қарабатыровты «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградасына ұсыну туралы командирдің Марапаттау парағы жарияланды. Марапаттау қағазында жауынгердің өмірбаяны және жас сарбаздың батылдығына таңданатын сөздер бар. «…1942 жылдың желтоқсан айында болған ұрыстарда 7 телефон желісін бұзып, осы ұрыста жараланса да желіде қалып, жұмысын жалғастырды. Ол күшін, жұмыс істеу мүмкіндігін жоғалтқан кезде командирдің бұйрығымен ғана кетті. Дивизияда болған кезінде барлық шайқастарға қатысып, өзін табанды да батыл күрескер ретінде көрсете білді. Кез келген ұрыс жағдайларында бақылау пунктімен үздіксіз және тұрақты байланысты қамтамасыз етті…».

Марапаттау парағы 1943 жылдың 7 желтоқсанында жазылыпты. Ал 14 күннен кейін 21 желтоқсанда Қарабатыровты «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойылды. Ол «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл», «Владимир Ильич Лениннің туғанына 100 жыл», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 30 жыл» медальдарымен марапатталды.

Елге оралғаннан кейін атам еңбек майданында тер төкті. Бір кездері кәсіби маман ретінде төселген кен басқармасына жұмысқа оралды. 1946 жылдан 1965 жылға дейін жоспарлау бөлімінде жұмыс істеді. Жұмысын жалғастыра отырып, 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Университет қабырғасында ол «Өнеркәсіп экономикасы» мамандығын алды. Бес жыл бойы Оңтүстік кеніштің жоспарлау бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді, тоғыз жыл Батыс кенішінің жоспарлау бөлімін басқарды. 1979 жылдың 15 шілдесінде өмірінің соңына дейін дейін еңбек еткен қарт майдангер өмірден озды. Ол әжем Заруха Бұхарбайқызымен бірге 11 бала өсіріп, тәрбиеледі. Жеңімпаз жауынгер Жәукімбек Қарабатыровтың ұрпағы өсіп келеді. Елуге жуық немере-шөбересі бар. Әрқайсысы атасының ерлігін ұмытпайды, мақтан тұтады, еске алады. Солардың бірі мен.

Әлішер Жәукімбеков,
немересі.

Комментарии закрыты.